Көлсай көліне түскен Дуровтың әрекетіне қатысты материалдар министрлікке жолданды
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк Көлсай көліне түскен Павел Дуровқа қандай шара қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Алексей Милюктің хабарлауына қарағанда, Дуров — ерекше қорғалатын табиғи аумақ ережесін бұзған. Су айдынына шомылғаны үшін жауапкершілікке тарту жағын Экология министрлігі қарастырады:
— Біз рәсімдеген жоқпыз. Тек бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан материалдарды жинап шықтық. Барлық деректі Экология министрлігіне табыстадық, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Осы орайда БАҚ өкілдері одан Павел Дуровқа қанша мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін екенін сұрады.
— Қалай жіктелетіндігіне байланысты. Әр түрлі болуы мүмкін. Өкілетті органдармен сөйлесу қажет. Ең төменгі шара — ескерту. Сондай-ақ қателеспесем, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, — деді ол.
Айта кетейік, Тelegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсай суына шомылып жатқан бейнежазбасын жариялаған еді.