Фильм жайлы

4 қыркүйек күні еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Qaitadan» фильмінің тұсауы кесілді. Режиссері Думан Еркімбек, сценарий авторы Асылбек Еркімбек болған аталмыш кинотуынды аз уақытта көрерменнің жүрегінен орын тапты. Фильмді тамашалаған әр адам бірнеше жанрдың бір мезетте үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл арзан комедиядан қажыған киноман үшін таптырмас жоба болды.

Фильм трейлері:

Уақыт кеңістігінде қалып қойған кейіпкер

Америкалық «Groundhog day» фильмін көрген адам бір қарағанда қос сюжетті ұқсатуы мүмкін және  фильм синопсисі түпнұсқа ретінде аталмыш туынды көрсеткен. Сондықтан қазақстандық фантастиканы түсіруде америкалық кинематогрофистердің идеясы негізге алынғаны құпия емес. Екі кинокартина да уақыт кеңістігінде қалып қойған кейіпкер жайлы.

«Groundhog day» фильмінен фрагмент

Сюжет бойынша мектеп түлегі Рауан ҰБТ-дан өте алмай, бар-жоғы 21 балл жинап, ата-анасымен бірге әкесінің туған ауылы Қарағашқа жол тартады. Әуелде бұл тек бірнеше күндік сапар болып көрінгенімен, Рауанды еңбекпен «тәрбиелеу» үшін сонда қалдыруға шешім қабылданады. Ата-анасы қалаға қайтады, бірақ Рауан келесі күні қайта оянғанда – бәрі сол күйі қайталанады: ата-анасы кетпеген, оқиғалар да сол ретпен жүріп жатыр. Оқиға барысын өзгертпек болған жас жігіт түнде ауылдағы алып бөгет жарылып, тасқын шайып кететінін түсінеді. Бөгет қараушысы әкім мен учаскелік полицейге ескерткенмен, олардың ойында тек «жоғарыдан» келетін комиссия мен өз тыныштығы. Рауан сол бір күнді ондаған, жүздеген рет қайталап, ауылдастарға деген көзқарасын өзгертеді. Бірақ проблемасы шешім таба ма?

Тұңғыш туынды — «Qaitadan»

Ағайынды Еркімбектер бұған дейін сериал түсірген, ал «Qaitadan» фильмі алғашқы толықметражды туындылары. Бірінші мүмкіндіктен-ақ сәтті дүние дайындау екінің бірінің қолынан келе бермейді.

«Qaitadan» фильмінің нақты жанрын атау қиын. Бәрі трагикомедия түрінде басталады, романтика мен төбелес кадрлары да бар, бірақ біртіндеп драмаға, фантастикалық экшнге және саяси карикатураға ұласады.

Фильмнің басты кейіпкерлері: Жасұлан Көпберген мен Шұғыла Ешенова

Фильмнің мақсаты

Фильм арқылы туындыгерлер жаңа ұрпаққа сенім білдіретінін айтқысы келгені байқалады. Жоғары комиссиядан шыққан жалғыз адал адам – қысымға қарамастан ар-намысын сақтаған жас жігіт. Ал ауылды құтқаруға тырысқандар – кеше ғана мектеп бітірген жастар. Ал үлкендер – керең, соқыр әрі әкім мен полицейдің «жалған ақпарат таратқанды қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деген сөзі жадыларынан шықпайды.

Фильмнің соңында сөзсіз тағдыр тақырыбы, адамның пешенесіне жазылған өмір туралы ойланасың. Бірақ оны да өзгертуге өз өміріңнің басты кейіпкері — өзіңнің ғана шамаң жететінін де түсінесің.

Жалпы туындының сценарисі мен режиссері сюжетті жеті рет түзеп, бір рет көрерменге ұсынғаны байқалады. Өте сапалы, әзіл мен күлкі де, мұң мен пәлсапа да өз орнымен қолданылғаны айтылады.. Ал монтажға келсек, бұл да үздік маманның істеген жұмысы деген қорытындыға келуге болады. Реквизит пен фильмдегі элемент композициясын таңдаған суретшінің де жұмысы байқалады.

Әрине, фильмді есте қалдыратын — актерлар. Сондықтан туындының ойыншылары да аянбай еңбек еткендерін айта кету керек. Басты кейіпкер халық алдында жүрген Жасұлан Көпберген өз рөлін мықты сомдап шықты. Сондай-ақ қазақ киносында енді танылып, өнер жолына қадам басқан кішкентай Рамазан Макабатұлы көрерменнің есінде ел көзіне аса сүйкімді көрінген қылығымен есте қалды.

Фильмнің ең жас кейіпкері: Рамазан Макабатұлы

Фильм әлі де кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Жұмсалған қаражаттың да еселеп жиналып, өзін ақтағаны айтылды. Залдан көрермен тың туынды күтетінін айтып шықты

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай