Жетісу облысында Қазақстан қоғамына 70 миллион теңгеден астам шығын келтірген, интернет-алаяқтықпен айналысу мақсатында ұйымдасқан, қылмыс істеген топ қызметінің жолы кесілгені хабарланды.

Прокуратура дерегіне қарағанда, қауымдасқан топ азаматтардың сеніміне кіріп, ұялы телефонға «AnyDesk» қосымшасын орнатуға мәжбүрлеген.

— Қылмыскерлер өздерін телефон арқылы банктің қауіпсіздік қызметкерлеріміз деп таныстырып, сенімге ие болып, азаматтарды ұялы телефонға «AnyDesk» қосымшасын орнатуға мәжбүрлеген, сол арқылы оларға қашықтан қол жеткізіп, басқаруды қамтамасыз еткен. Содан кейін алаяқтар банк қосымшаларын пайдаланып, азаматтарға несие рәсімдеген, — деп жазды прокуратура өкілдері.

Қылмыстық топтың әрекетінен еліміздің әр өңірінің 40-тан астам тұрғыны зардап шекті, келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңгеден асқан.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерi бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұған дейін де Павлодар қаласында«Тик-Ток» желісі арқылы қолданушыларды алдап келген қылмыстық топтың жолы кесілген еді.