Азия Даму Банкі Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты атқан өз болжамын қайта пысықтады. Бұл туралы халықаралық қаржы институтының баспасөз қызметі хабарлады.

«Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасы төмендеп кетті. Ішкі аймақ бойынша экономикалық өсім болжамы қайта қаралды: 2025 жылы 5,5% және 2026 жылы 5,1%-ға өсуге тиіс (бұрынғы болжам – сәйкесінше 5,4% және 5%). Болжамның қайта қаралуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – елімізде Future Growth Expansion Project жобасы аясында мұнай өндірісінің артуы. Осылайша Қазақстан экономикасының өсімі де қайта қаралып, 2025 жылы 5,1%, ал 2026 жылы 4,3%-ға дейін өсіру жоспарда бар. Бұған дейін, сәуір айында бұл көрсеткіш жоспардағыдай 4,9% және 4,1% болады», – делінген дүйсенбі күні тараған хабарламада.

АДБ деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында елдің ЖІӨ 5,6%-ға артқан. Бұған көлік саласындағы (21,0%), құрылыс (16,9%), өңдеу өнеркәсібі (8,7%) және тау-кен өнеркәсібі (6,1%) салаларындағы өсім себеп болған.

«Салықтың артуы үкіметке негізгі капиталға инвестиция мен әлеуметтік шығындарды көбейтуге мүмкіндік берді, бұл да экономикалық белсенділікті арттырады. Сонымен қатар, ОПЕК+ ұйымының мұнай көлемін арттыру жөніндегі шешімдері де экономикалық өсімге қатысты оң нәтиже бермек. Кавказ және Орталық Азия бойынша инфляция болжамы да өзгерді – 2025 жылы 7,8% және 2026 жылы 6,7% болса, бұрын – 6,9% және 5,9% болған еді. Бұл Армения, Қазақстан және Қырғызстандағы инфляция қысымының артуын көрсетеді. Атап айтқанда, Қазақстан бойынша инфляция болжамы 2025 жылы 10,2%, ал 2026 жылы 8,4%-ға жетеді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ АДБ Азия-Тынық мұхиты аймағында орналасқан дамушы елдер бойынша биыл мен алдағы жылға арналған экономикалық өсім болжамын азайтты.

«Бұл кризис АҚШ-тағы тариф салығының өсуі мен жаһандық саудадағы экспорт көлемінің азаюы, сондай-ақ ішкі сұраныстың әлсіреуімен байланысты», – деп түсіндірді банк өкілдері.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай