Турис тарту және әлем кеңістігінде өз құзіретін нығайту мақсатында Қытай жаңа қадамға барды, 74 елдің азаматтарына ел қақпасын айқара ашып, 30 күнге визасыз кіруіне рұқсат берді, деп жазды Анадолы.

Әуелде визасыз режим 2023 жылдың желтоқсанында Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания және Малайзия тұрғындары үшін енгізілді.

Кейін бұл тізім кеңейтіліп, оған Еуропаның барлық елдері, сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының кейбір мемлекеттері қосылды. 16 шілдеде тізімге Әзербайжан да кіреді.

Қытай билігінің мәліметіне қарағанда, 2024 жылы елге визасыз режим арқылы келген шетелдіктердің саны 20 миллионнан асқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.

АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Ресей сияқты өзге де бірқатар елдердің азаматтары Қытай арқылы өзге мемлекетке бара жатқанда ғана 10 күнге дейінгі визасыз режимді қолдана алады.

Қытай туризм академиясының сарапшысы Лю Сяньяньнің пікірінше, визасыз саясат тек экономиканың дамуына ғана емес, мемлекеттің шетелдегі беделін көтеруге де ықпал етеді.