Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен 7,8 млрд теңгеге арнайы балабақша салынды
Ақтөбе қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық «Самғау» балабақшасы ашылды. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа нысан өңірдегі арнайы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық «Самғау» балабақшасы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды. Жобаның жалпы құны 7,8 млрд теңгені құрайды.
Жаңа балабақшаның ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтті. Есет батыр шағынауданында бой көтерген кешен осы аумақта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған көмек көрсететін алғашқы мектепке дейінгі ұйым болып отыр.
Ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Өңір басшысы балабақшаның материалдық-техникалық базасымен және балаларға арналған арнайы кабинеттермен танысып, ата-аналар мен мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында облыс әкімі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беру және жан-жақты қолдау көрсету үшін өңірде тиісті жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауды, қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды ерекше назарда ұстап келеді. Бұл саясатты өңірде жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Балалардың жеке қажеттіліктерін дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсету және отбасыларға әр кезеңде қолдау білдіру маңызды. Мұндай жұмыс үздіксіз жүргізіліп, баланың балабақшадан мектепке ауысуымен тоқтап қалмауы керек.

Жаңа мектепке дейінгі мекемеде тәрбиешілер, арнайы педагогтер мен психологтер өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, балаларға кешенді түзету-педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Мұнда әр бала өз мүмкіндігіне қарай дамып, қажетті қолдауға ие болады», – деді Асхат Шахаров.

Аймақ басшысының мәліметінше, соңғы екі жылда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін бірнеше ұйым ашылған. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және арнайы мектепке дейінгі ұйымдар бар.
Сонымен қатар, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, соңғы бір жылда облыста 30 қолдау кабинеті ашылды.

Бұдан бөлек, облыстық арнайы түзету мектебіне қосымша 150 орындық ғимарат салынды. Тағы бір арнайы мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен толықтырылды.
«Самғау» балабақшасының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылдың қараша айында аяқталған. Ғимараттың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстарын «Қазстройподряд» ЖШС жүзеге асырды.
Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айкен Нұрсейтованың айтуынша, екі қабатты кешен 24 топқа арналған және алты функционалдық блоктан тұрады. Әрбір блок балалардың жеке қажеттіліктері мен даму ерекшеліктерін ескере отырып жабдықталған.

«Бірінші блок тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға, екінші блок көру қабілеті бұзылған балаларға арналған. Үшінші блокта сөйлеу тілінде кемістігі бар, төртінші блокта интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балалар тәрбиеленеді.
Бесінші блокта әкімшілік және қосалқы бөлмелер, бассейн, асхана, медициналық кабинеттер мен акт залы орналасқан. Алтыншы блокқа орталық кіреберіс, табиғи жарық түсетін қысқы бақ және барлық корпусты байланыстыратын өтпелі аймақ кіреді.

Әр блокта логопед кабинеттері, сенсорлық-релаксациялық және Монтессори кабинеттері, музыкалық-дене шынықтыру залдары, суық мезгілде серуендеуге арналған жабық террасалар мен ата-аналармен кездесуге арналған демалыс кеңістіктері қарастырылған», – деп түсіндірді Айкен Нұрсейтова.

Жаңа балабақшада балалардың денсаулығын нығайтуға, қабілеттерін дамытуға және қажетті оңалту көмегін алуға жағдай жасалған. Кешенде бассейн, спорт және музыка залдары, массаж кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ ата-аналарға арналған арнайы консультациялық пункт қарастырылған.
Балалармен арнайы педагогтер, дефектологтер, логопедтер, педагог-психологтер, тәрбиешілер, әдіскерлер және дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Медициналық қызмет көрсету үшін невропатолог пен психиатр мамандары да қарастырылған.

Балабақшаның штаттық құрамы 202 адамнан тұрады.
«Самғау» балабақшасына балаларды қабылдау қараша айының басында басталған. Қазіргі уақытта мекемеге 168 бала қабылданды. Жалпы, жаңа мектепке дейінгі ұйым 300 тәрбиеленушіге арналған.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу кезегінде 743 бала тұр. Оның 740-ы Ақтөбе қаласында, ал үшеуі облыс аудандарында тұрады.
Жаңа балабақшаның ашылуы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған орын тапшылығын азайтып, олардың сапалы білім мен мамандандырылған көмек алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.