Байғанин ауданында шілде айындағы жойқын дауылдан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үйлердің кілті табысталды. Алдағы он күн ішінде тағы 42 отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жазда болған жойқын дауыл салдарынан баспанасынан айырылған 32 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Тұрғын үйлер облыс әкімдігінің резервінен бөлінген қаражат есебінен салынды.

Жаңа баспаналардың ауданы тұрғындардың бұрынғы үйлерінің көлеміне сәйкес белгіленген. Сонымен қатар, қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, үйлер электр энергиясы мен сумен жабдықтау жүйелеріне қосылды.

Жаңа үйлердің кілтін табыстау рәсіміне Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде табиғи апаттан зардап шеккен отбасылардың баспаналы болып, қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасалғанын атап өтті.

Қарауылкелді ауылының тұрғыны, зейнеткер Тұрсын Мәтекбаева жаз мезгілінде мұндай жойқын дауыл болады деп ешкім күтпегенін айтты.

«Дауылы, жауыны, найзағайы – барлығы бірден келді. Не болғанын түсінбедік. Есікті лақтырып жіберді. Үйдің ішін алып, төбедегі шиферді – бәрін ішке лақтырды. Бірақ әйтеуір адам аман болғанына қуандық. Бүгін өте қуаныштымын. Барлық осы игі іске атсалысқан азаматқа аналық алғысымды білдіремін. Қапелімде осындай дәрежеге жете қоямыз деп ойлаған жоқпыз», – дейді Тұрсын Мәтекбаева.

Еске салайық, 9 шілдеде Байғанин ауданына қарасты Қарауылкелді ауылында болған жойқын дауыл салдарынан 314 тұрғын үйге зақым келген. Оның 220-сының иесіне өтемақы төленді. Ал тұруға жарамсыз деп танылған 74 үйдің орнына жаңа баспаналар салынды.

Табиғи апат тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға да зиян келтірген. Дауылдан зардап шеккен тоғыз әлеуметтік нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептер мен балабақшалар 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта спорт кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін толық қалпына келтіру жоспарланған.

Бұдан бөлек, облыстың төтенше резервінен табиғи апаттан зардап шеккен 28 кәсіпкерлік нысанның шығынын өтеуге қаражат бөлінді.

Алдағы он күн ішінде Байғанин ауданында тағы 42 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау көзделіп отыр. Осылайша, дауыл салдарынан тұруға жарамсыз болып қалған 74 үйдің орнына салынған баспаналардың барлығы тұрғындарға беріледі.