Қазақстан өңірлерінде өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бір апта ішінде еліміздің бірнеше облысында жаңа өндіріс іске қосылып, білім беру және спорт нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар автожолдар жаңартылып, өрт сөндіру және шұғыл қызмет көрсету инфрақұрылымы кеңейтілді.

Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.

Қостанай облысында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін «Астана – Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы» республикалық автожолының екі учаскесі пайдалануға берілді. Олардың жалпы ұзындығы 56,7 шақырымды құрайды.

Жалпы, 2026 жылы өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың бес учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңартылған жолдардың жиынтық ұзындығы 163 шақырымға жетті.

Ақмола облысының Көкшетау қаласында газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған клапандар өндірісі іске қосылды.

Жаңа кәсіпорынның өнімдері бірінші кезекте ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта Ақмола облысының өзінде 220 мыңнан астам газ баллоны пайдаланылатыны белгілі. Бұл өңірде аталған өнім түрлеріне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді және өндірісті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жамбыл облысының Тараз қаласында IT-лицей-интернатының жаңа оқу корпусы мен жатақханасы ашылды.

Әрқайсысы 300 орынға есептелген ғимараттар оқушылардың білім алуына, тұруына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына қолайлы жағдай жасауға арналған.

Үш блоктан тұратын кешен құрамында асхана, спорт залы, акт залы және кітапхана қарастырылған.

Жаңа білім беру инфрақұрылымы оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуына мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында реконструкциядан кейін «Жастар» стадионы қайта пайдалануға берілді.

Жаңартылған спорт кешенінде FIFA стандарттарына сәйкес келетін футбол алаңы, спорт залы, ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар және жаттығу аймақтары жабдықталған.

Сонымен қатар стадионда жүгіру жолдары мен экстремалды спорт түрлерімен айналысуға арналған арнайы аймақтар бар.

Өңірлерде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылып жатыр.

Қостанай облысының Приречное ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.

Нысан өрт сөндіру автокөлігімен және құтқарушыларға қажетті жауынгерлік киімдермен қамтамасыз етілген.

Осындай бекет Ақмола облысының Кенащы ауылында да пайдалануға берілді. 370 тұрғыны бар елді мекенде ашылған бұл нысан Қазақстан бойынша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясындағы 326-шы өрт сөндіру бекеті болды.

Ал Шымкент қаласында жедел қызметтердің бірыңғай кешені жұмысын бастады.

Жаңа нысанда өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел медициналық жәрдем пункттері біріктірілген.

Кешен Жаңаталап тұрғын үй алабындағы 11,2 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

Бір ғимаратта бірнеше шұғыл қызметтің орналасуы олардың өзара іс-қимылын жақсартуға және төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарға жедел көмек көрсетуге бағытталған.

Қазақстан өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, отандық өндірісті дамытуға, білім беру мен спорт нысандарының қолжетімділігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.