Қазақстанда ішкі әуе рейстеріне билет бағасының қалыптасуын бақылау және жолаушыларға тарифтердің өзгеруі туралы хабарлау тетіктерін енгізу ұсынылды. Бұл мәселе Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жыл қорытындысы бойынша өткен отырысында талқыланды.

Жиын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекиннің төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және бизнес өкілдері қатысты.

Отырыста электрондық сауданы дамыту, қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге тең бәсекелестік жағдай жасау, бірыңғай өңірлік цифрлық нарық қалыптастыру және ішкі әуе тасымалдары тарифтерінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов Қазақстан ішіндегі әуе рейстеріне билет бағасының қалай белгіленетіні және тарифтердің ашықтығы туралы мәселе көтерді.

Талқылау нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне Көлік министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе билеттерінің бағасына мониторинг жүргізу ұсынылды.

Сондай-ақ жауапты органдарға ішкі рейстердегі тарифтердің қалыптасу тетіктерін зерделеу қажеттігі айтылды.

Жолаушыларға билеттердің құнын әртүрлі күндер бойынша салыстыруға мүмкіндік беретін баға күнтізбесін енгізу бастамасы да қарастырылды.

Бұдан бөлек, әуе билеттерінің бағасы өзгерген жағдайда жолаушыларға арнайы хабарлама жіберу мүмкіндігін пысықтау ұсынылды.

Аталған тетіктер тұтынушылардың билет бағасы туралы ақпарат алуын жеңілдетуге және әуе тасымалдары нарығындағы тарифтердің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Әзірге бұл бастамалар ұсыныс деңгейінде. Оларды енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Отырыста қаралған тағы бір маңызды мәселе – электрондық сауда нарығын дамыту және қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы бөлшек электрондық сауда көлемі 3,77 триллион теңгеге жетіп, 19,4 пайызға өскен.

Осыған байланысты қатысушылар отандық және шетелдік маркетплейстердің тең жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

Атап айтқанда, шетелдік интернет-дүкендер арқылы тауар сатып алу кезіндегі салық салу тәртібі, кедендік бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстан үшін ортақ цифрлық нарық қалыптастыру бастамасы қаралды.

Бұл бағытта мемлекеттер арасындағы төлемдерді жеңілдету, электрондық құжаттарды өзара тану және IT-компаниялардың өңірлік нарықта жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау ұсынылды.

Мұндай шаралар электрондық сауда саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.

Жиын барысында Арман Шаққалиев Қоғамдық кеңес мүшелеріне жыл бойы атқарған жұмысы мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, отандық бизнесті қолдау мен электрондық сауданы дамытудың маңызын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген бастамалар мен ұсыныстарды жауапты мемлекеттік органдар пысықтайтын болды.

Олардың орындалу барысы Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің бақылауында болады.