Қазақстанда құбырларға жақын жерлерде заңсыз құрылыс жүргізуді анықтайтын цифрлық жүйе енгізілді
Қазақстанда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарында құрылыс жүргізуге байланысты шектеулерді алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық тетік енгізілді. Жаңа функционал «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінде іске қосылды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бастама магистральдық құбыр инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жер учаскелерін бөлудегі заңбұзушылықтардың алдын алуға және авариялық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған.
Цифрлық жүйе Энергетика министрлігі алаңында құрылған және Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жұмыс істеген ведомствоаралық топтың бірлескен жұмысы нәтижесінде енгізілді.
Жобаның нәтижелері Энергетика министрлігінде Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың төрағалығымен өткен жиында таныстырылды.
Жаңа функционал мемлекеттік кадастрда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарын және құбыр инфрақұрылымы нысандарына дейін сақталуы тиіс ең аз қашықтықтарды көрсетуге мүмкіндік береді.

Енді жер учаскелерін беру туралы өтінімдерді қарау, жер бөлуді келісу және құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде ақпараттық жүйе құбырлардың орналасуына байланысты шектеулерді алдын ала анықтауға көмектеседі.
Мәселен, құрылыс салу жоспарланған аумақ магистральдық құбырдың күзет аймағына немесе белгіленген ең аз қашықтық шегіне сәйкес келсе, жүйедегі мәліметтер жауапты органдарға тиісті талаптарды ескеруге мүмкіндік береді.
Бұл құбырларға жақын аумақтарда рұқсатсыз құрылыс жүргізудің алдын алуға және жер пайдалану кезінде инфрақұрылым қауіпсіздігіне қатысты талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпараттық жүйеге «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақстан-Қытай Құбыры» АҚ және «МұнайТас» СБТК» ЖШС магистральдық құбырлары туралы мәліметтер енгізілді.
Сонымен қатар бас мұнай айдау станцияларының, мұнай айдау станцияларының және басқа да өндірістік нысандардың күзет аймақтары мен олардан сақталуы тиіс қашықтықтар көрсетілген.
Бұдан бөлек, «Магистральдық су құбыры» жүйесіне кіретін объектілер мен коммуникациялар, оның ішінде су айдау станциялары туралы деректер де қамтылған.
Жобаны жүзеге асыруға бірнеше мемлекеттік орган мен салалық ұйым атсалысты.
Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz ұлттық компаниялары мен олардың еншілес ұйымдарының өкілдері кірді.
Сондай-ақ жұмысқа «ҚазТрансОйл» АҚ, Kazenergy қауымдастығы, «Қазгеодезия» АҚ, Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы, Отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдау орталығы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қатысты.
Энергетика министрлігі жобаны іске асыру барысында Бас көлік прокуратурасының үйлестіру жұмысына және қатысушы ұйымдардың өзара ынтымақтастығына ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының үлесі жоғары бағаланды.
«ҚазТрансОйл» АҚ жаңа цифрлық тетікті енгізу бойынша алғашқы пилоттық алаң болған компания атанды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе жергілікті атқарушы органдарға жер учаскелерін бөлу және құрылыс жобаларын келісу кезінде құбыр инфрақұрылымына қатысты шектеулерді алдын ала ескеруге жағдай жасайды.
Нәтижесінде магистральдық құбырларға жақын аумақтардағы рұқсатсыз құрылыстың, инфрақұрылымның зақымдануының және ықтимал авариялық жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады.

Сонымен қатар мемлекеттік кадастрдағы деректерді пайдалану жер қатынастары саласындағы рәсімдердің ашықтығын арттыруға және шешім қабылдау кезінде құбыр инфрақұрылымына қатысты талаптарды ескеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, магистральдық құбырлардың күзет аймақтарын цифрлық кадастрда көрсету жер ресурстарын басқаруды жетілдіруге, инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейтуге және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жүйелеуге бағытталған.