12–13 қарашада Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтеді. Ғылыми жиынға әлемнің 30-ға жуық елінен 1000-нан астам жас зерттеушінің қатысуы жоспарланып отыр.

Конгресті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырады. Іс-шара ғылыми әлеуетті нығайтуға, халықаралық зерттеу ынтымақтастығын дамытуға және жас ғалымдардың елдің ғылыми-технологиялық дамуына қосатын үлесін арттыруға бағытталған.

Халықаралық жиынның басты мақсаттарының бірі – ғылыми буындар сабақтастығын қамтамасыз ету, ұлттық ғылыми мектептерді сақтау және дамыту, сондай-ақ тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайту.

Конгресс Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығын біріктіретін маңызды ғылыми алаң болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ғылымының алдына жаңа міндеттер қойылып, ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды елдің стратегиялық дамуына пайдалану мәселесі өзекті бола түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ғылым мен инновацияның маңызын атап өткен болатын.

«Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда», – деді Президент.

Осы басымдықтар аясында конгресс бағдарламасында жасанды интеллект технологияларын ғылыми зерттеулерге енгізу мәселесіне ерекше назар аударылады.

12 қараша күні сағат 14:30-да «AI FOR SCIENCE: Ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» атты пленарлық форум басталады.

Форум барысында отандық және шетелдік сарапшылар жасанды интеллект негізіндегі зерттеу әдістерін, үлкен деректерді өңдеу мен талдауды, медицинадағы интеллектуалды диагностиканы және цифрлық коммуникациялық жүйелерді дамыту мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар ғарыштық технологиялар, ауыл шаруашылығындағы инновациялық шешімдер, генеративті жасанды интеллектінің жоғары білім мен ғылымға ықпалы, ғылыми этика және зерттеу нәтижелерінің сенімділігі мәселелері қарастырылады.

Конгреске халықаралық ғылыми қауымдастықтың белгілі өкілдері, шетелдік ғылыми орталықтарда қызмет ететін қазақстандық зерттеушілер және еліміздің жетекші жас ғалымдары шақырылған.

Қатысушылар қатарында Fields, Abel, Breakthrough және басқа да халықаралық ғылыми сыйлықтардың лауреаттары, Clarivate Analytics өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесі мен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелері болады деп күтілуде.

13 қарашада конгресс жұмысы Алматы қаласындағы алты жоғары оқу орнының базасында өтетін тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады.

Ғылыми талқылаулар бес негізгі бағытты қамтиды: жаратылыстану ғылымдары; Жер, ғарыш және коммуникациялар; агробиоресурстар және экология; өмір және денсаулық; білім және азаматтық қоғам.

Бұл конференциялар жас зерттеушілерге ғылыми еңбектерінің нәтижелерін халықаралық ортада таныстыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізу де жоспарланған.

Онда ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, технологиялар трансфері, зияткерлік меншікті қорғау, ғылыми стартаптарды қолдау және ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады.

Бұдан бөлек, жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың шеберлік сабақтары, воркшоптар, ғылыми пікірталастар мен кәсіби кездесулер ұйымдастырылады.

Конгрестің маңызды бөліктерінің бірі – жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми және инновациялық әзірлемелер көрмесі.

Көрмеде жаңа технологиялық шешімдер, қолданбалы зерттеулердің нәтижелері және практикалық маңызы бар инновациялық жобалар таныстырылады.

Сондай-ақ конгресс барысында Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» (Academy Most Cited Researcher Award) арнайы сыйлығы табысталады.

Бұл марапат халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектері жоғары дәйексөз көрсеткіштеріне ие болған қазақстандық жас ғалымдарды қолдауға бағытталған.

Марапаттау рәсімі 12 қараша күні сағат 16:45-те өтеді.

Конгрестің негізгі іс-шаралары Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында, Шевченко көшесі, 28 мекенжайында ұйымдастырылады.

12 қарашада сағат 09:00-де ғылыми және инновациялық әзірлемелер көрмесі ашылады. Сағат 09:30-да бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөзге сұхбат беру уақыты қарастырылған. Ал конгрестің салтанатты ашылуы сағат 10:00-де басталады.

Халықаралық жиынның қорытындысы бойынша жас зерттеушілерді қолдау, ұлттық ғылыми мектептердің сабақтастығын сақтау, халықаралық зерттеу ынтымақтастығын кеңейту және ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.

III Халықаралық жас ғалымдар конгресі Қазақстандағы ғылыми зерттеулерді дамытуға, жас ғалымдардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және жаңа ғылыми идеяларды тәжірибеге енгізуге арналған халықаралық алаң болмақ.