Алматыда Ахмет Жұбановтың бұрын толық жинақ болып шықпаған шығармалары таныстырылды
Алматыдағы Almaty Museum of Arts өнер музейінде қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі, композитор Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған концерт өтті. Іс-шара барысында «Ахмет Жұбанов. Скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларының толық жинағы» атты музыкалық альбомның тұсаукесері ұйымдастырылды.
Жаңа альбомға композитордың скрипка мен фортепианоға арнап жазған шығармалары енгізілген. Бұл туындылар алғаш рет толық жинақ түрінде жарық көріп отыр.
Музыкалық кеште Ахмет Жұбановтың шығармаларын скрипкашы Жәңгір Жұбанов пен пианист Ерназар Ғимарат орындады.
Концертке сондай-ақ Аршат Шәріп жетекшілік ететін «Giovani Talenti» камералық оркестрі, альтшылар Әділ Кәрімов пен Ильхан Тоқтахунов қатысты.

Жаңа жинақтың ерекшелігі – композитордың скрипка мен фортепианоға арналған музыкалық мұрасының бір альбомға топтастырылуы. Бірқатар шығарма кәсіби дыбыс жазу студиясында жазылған.
Енді Ахмет Жұбановтың туындыларын халықаралық музыкалық стриминг платформалары арқылы тыңдауға болады. Бұл композитордың шығармаларын Қазақстаннан тыс жерлердегі тыңдармандарға да қолжетімді етеді.
Мерейтойлық кешке отандық өнер өкілдерімен қатар, Түркия, Болгария, Румыния, Италия, Корея Республикасы және Қытайдан келген қонақтар қатысты.
Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шара композитордың шығармашылық мұрасын насихаттауға, қазақ классикалық музыкасын халықаралық аудиторияға таныстыруға және оның туындыларын жаңа буын тыңдармандарына жеткізуге бағытталды.
