Ақмола облысында 9 мыңға жуық тұрғынды су тасқынынан қорғауға 5,5 млрд теңге бөлінді
Үкімет Ақмола облысында су тасқынының алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үш инфрақұрылымдық жобаға 5,5 миллиард теңге бөлді. Жұмыстарды 2027 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қаражат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бөлінді.
Жобалар Қалқұтан өзенінің арнасын тазартуды, Основное бөгеніндегі шлюз-қақпаларды жөндеуді және Иванковская бөгенін реконструкциялауды қамтиды.
Ең ауқымды жоба Астрахан ауданында жүзеге асырылады. Қалқұтан өзенінің арнасын тереңдету, тазарту және түбін нығайту жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қарастырылған.
Жоба аясында өзеннің жалпы ұзындығы 20,8 шақырым болатын үш учаскесі тазартылып, Ескі Қалқұтан және Қалқұтан ауылдарында екі топырақ бөгеті салынады.
Ал Шортанды ауданындағы Основное бөгенінің шлюз-қақпаларын жөндеуге 793,7 миллион теңге бөлінді.
Бұл қаражатқа тасқын суды өткізуге арналған су ағызу арнасы салынып, Жолболды өзені арнасындағы топырақ бөгеті таспен нығайтылады.
Сонымен қатар Бұланды ауданындағы Иванковская бөгенін реконструкциялауға 314,1 миллион теңге бағытталған.
Жоба бойынша ұзындығы 49 метр болатын су ағызу құрылысы мен алты су қабылдау камерасы толық қалпына келтіріледі. Бұл қарғын су ағынын бақылауды жақсартып, гидротехникалық нысанның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде Ақмола облысындағы су тасқыны қаупін төмендету, тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымды су басудан қорғау көзделіп отыр.
Аталған жобалар 9 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын сақтауға және өңірдің су жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек, өзен арналарын тазарту мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту су сапасын жақсартуға да ықпал етеді деп күтілуде.
Ақмола облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары бұған дейін де жүргізілген.
2025 жылы Аршалы ауданында қорғаныс бөгеті салынып, 15 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүзеге асырылды.
Бұланды ауданының Макинск қаласында шлюздері бар бөгет пен бетон науалар салынды. Бұл нысандар орманды-дала аймағынан келетін қарғын суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Астрахан ауданында Қалқұтан өзенінің 4,7 шақырымдық арнасы тазартылып, тереңдетілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылғаны хабарланды.
Үкімет бөлген жаңа қаражат осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға және өңірдің су тасқынына қарсы қорғанысын күшейтуге мүмкіндік береді.
Үш жобаны 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дейін аяқтау жоспарланған. Олардың іске асырылуы Ақмола облысындағы гидротехникалық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды су басу қаупінен қорғауға бағытталмақ.