Абай облысында Ресей шекарасына дейінгі 111 шақырым автожол жаңартылды
Абай облысында республикалық маңызы бар «Семей – РФ шекарасы» автомобиль жолының 111 шақырымы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Нәтижесінде Семей қаласынан Ресей шекарасына дейінгі көлік дәлізінің нормативтік техникалық жағдайы 100 пайызға жеткізілді.
Жаңартылған жолдың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы автожолдың өңір экономикасы, халықаралық жүк тасымалы және тұрғындардың қауіпсіз қатынауы үшін маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және автомобиль жолдарының сапасын арттыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым міндеттердің бірі.
– Бүгін біз облысымыздың инфрақұрылымдық дамуындағы маңызды белеске куә болып отырмыз. Осы ауқымды жобаларды сапалы әрі мерзімінде аяқтаған «ҚАЖсервис» ЖШС-нің ЖПБ-25 бөлімшесінің ұжымына, жол құрылысшыларына, мердігер ұйымдар мен барша мамандарға облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Уәли.
2024 жылы аталған жолдың нормативтік техникалық жағдайы небәрі 40 пайызды құраған. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті.
Тәулігіне жолмен 1 650-ден астам автокөлік өтеді. Көлік қозғалысының қарқындылығын ескере отырып, жөндеу жұмыстары жолдың үш учаскесінде жүргізілді.

Атап айтқанда, жол төсемінің төменгі және жоғарғы қабаттары жаңартылып, жол жиектері ретке келтірілді және жаңа жол таңбалары сызылды. Сонымен қатар қолданыстағы су өткізу құбырлары жөнделіп, қосымша құбырлар орнатылды.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында малдың жолға шығуына тосқауыл болатын жалпы ұзындығы 10 мың метр қоршау қойылды.
Бұдан бөлек, жол бойында екі жаңа автопавильон орнатылып, жүргізушілер мен жолаушыларға арналған демалыс алаңы жабдықталды.
Жаңартылған автожол Бородулиха ауданының экономикалық белсенділігін арттыруға да ықпал етеді деп күтілуде. Атап айтқанда, Новопокровка, Дмитриевка және Ауыл ауылдарындағы жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жұмысын дамытуға мүмкіндік туады.

Қазіргі уақытта бұл бағытта алты кафе мен тоғыз автопавильон орналасқан.
Автомобиль жолы Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Ауыл» өткізу пунктіне жалғасады. Бұл – Абай облысының Ресеймен шекарасында орналасқан төрт өткізу бекетінің ішіндегі ең ірісі.

2026 жылы аталған шекара бекетін реконструкциялау жұмыстары басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңғырту аясында өткізу пунктінің алдында жүк көліктеріне арналған аумағы 2 800 шаршы метр болатын күту алаңы жасалды.
Бұл шаралар шекара бекетінің өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар Абай облысында республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, облыстық және жергілікті жол желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі уақытта өңірде жалпы ұзындығы 212,6 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде облыстық маңызы бар үш учаскенің 41 шақырымы және аудандық маңызы бар тоғыз учаскенің 91,4 шақырымы қамтылған.
Бұдан бөлек, 20 елді мекенде жалпы ұзындығы 80,2 шақырым болатын 80 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Семей – РФ шекарасы» автожолының жаңартылуы өңірдің көлік қолжетімділігін жақсартуға, халықаралық сауда байланыстарын дамытуға және жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.