Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ибраимов Абдижан Әбу Райхан әл-Бируни атындағы III халықаралық химия олимпиадасында алтын медаль иеленсе, 10-сынып оқушысы Нұрлан Гаухар күміс жүлдеге қол жеткізді.

2026 жылғы 3–10 қараша аралығында Өзбекстанның Нүкіс қаласында өткен Әбу Райхан әл-Бируни атындағы III халықаралық химия олимпиадасына (Abu Rayhan Biruni International Chemistry Olympiad — ARBIChO) әлемнің 32 мемлекетінен келген дарынды оқушылар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Коста-Рика, Сауд Арабиясы, Израиль, Моңғолия, Таиланд, Малайзия, Тәжікстан және Катар елдерінің өкілдері бар.

Халықаралық білім додасы химия пәні бойынша оқушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын бағалауға бағытталған. Олимпиада теориялық және эксперименттік кезеңдерден тұрады. Қатысушылар химиялық есептерді шешу, ғылыми заңдылықтарды терең түсіну және зертханалық тәжірибелерді орындау бойынша білімдерін сынға салады.