Қазақстандық май өңдеу кәсіпорындары Шанхай қаласында өтіп жатқан IX Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) жалпы құны 108 миллион АҚШ долларын құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Алдағы екі маусымда Қазақстан Қытайға май өнімдерін жеткізу көлемін 1 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Халықаралық көрмеде Қазақстанның ұлттық павильонында отандық май өнімдерін Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы еліміздің тоғыз май зауытымен бірлесіп таныстырды.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, Шанхайдағы көрме қазақстандық өндірушілерге жаңа серіктестер табуға, экспорттық келісімдер жасауға және Қытай нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

– Біз бұл көрмеге төртінші жыл қатарынан қатысып, май өнімдерімізді ұсынып келеміз. Осы уақыт ішінде жаңа серіктестер тауып, бірқатар келісімшарттарға қол қойдық, – деп хабарлады қауымдастық өкілдері.

Көрме аясында «Шыңжаңға инвестиция салыңыз» атты таныстырылымдық іс-шара да ұйымдастырылды. Оған Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі бас хатшысының орынбасары Сюй Байкэ мен Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров қатысты.

Іс-шара барысында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры Александр Яшков Қазақстанның май өнеркәсібін дамыту перспективалары мен экспорттық әлеуеті туралы баяндады.

Оның мәліметінше, кейінгі бес маусымда қазақстандық май өнімдерінің экспорт көлемі бес есеге артқан.

2025/2026 маусымының қорытындысы бойынша Қазақстанның май өнімдері экспорты 1,8 миллион тоннадан асып, одан түскен кіріс 1 миллиард 233 миллион АҚШ долларына жетті. Экспорттық кіріс те соңғы бес маусымда бес есеге ұлғайған.

Қазіргі уақытта қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам мемлекетіне жеткізіледі. Негізгі экспорттық бағыттар қатарында Қытай, Орталық Азия елдері, Еуропалық одақ мемлекеттері және Таяу Шығыс нарықтары бар.

Қытай қазақстандық май өнімдерінің ірі импорттаушылары арасында екінші орында тұр.

Соңғы бес маусымда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майлары мен күнжара экспорттаудан түскен валюталық түсім 385 миллион долларға өсіп, 438 миллион АҚШ долларына жетті.

Александр Яшковтың айтуынша, Қытай нарығындағы сұраныстың артуы қазақстандық кәсіпорындар үшін экспортты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Қазақстандық май өнімдері Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұны жыл сайын миллиондаған АҚШ долларына жасалатын келісімшарттар да растайды. Қытай нарығының ауқымдылығы қазақстандық өндірушілерге жергілікті серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік береді, – деді Александр Яшков.

Қауымдастықтың болжамынша, ағымдағы маусымда Қытайдың өсімдік майлары мен күнжара импортының жиынтық көлемі 16 миллион тоннаға жетуі мүмкін.

Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, Қазақстан алдағы екі маусымда Қытайға май өнімдерінің экспортын 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Шанхайда жасалған 108 миллион долларлық келісімшарттар қазақстандық май өңдеу кәсіпорындарының Қытай нарығындағы қатысуын кеңейтуге және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.