Қазақстан мен Ресей ғалымдары ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеуге жасанды интеллектіні қолданбақ
Қазақстан мен Ресей ғалымдары ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайын зерттеу және топырақтағы көміртегі қорының өзгерісін болжау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануды жоспарлап отыр.
Ғылыми ынтымақтастық аясында мамандар жасанды интеллект көмегімен топырақтағы көміртегі қорының өзгерісін болжауды, парниктік газдар шығарындыларын бағалауды және ауыл шаруашылығында қолданылатын технологиялардың тиімділігін анықтауды көздеп отыр.
Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, жасанды интеллект топырақ, агроклиматтық және спутниктік деректерді кешенді талдау үшін қолданылмақ.
– Жасанды интеллектіні топырақ, агроклиматтық және спутниктік деректерді кешенді талдауға, көміртегі қорының өзгерісін модельдеуге және болжауға, парниктік газдар ағындарын бағалауға, сондай-ақ егіншілік технологияларының тиімділігін анықтауға пайдалану жоспарланып отыр, – деп хабарлады академияның баспасөз қызметі.
Бұл бағыттағы ғылыми жұмыстар Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Ресей ғылым академиясының Федералдық агроэкология ғылыми орталығы арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүргізіледі.
Тараптар бірлескен зерттеулер өткізу туралы келісімге қол қойып, алдағы ғылыми жұмыстардың жол картасын әзірлеген.
Академия өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізу болашақта ауыл шаруашылығы жерлеріндегі көміртегі теңгерімін бақылауға және болжауға арналған интеллектуалды жүйе құруға мүмкіндік береді.
Мұндай жүйе топырақ құнарлылығын сақтау, парниктік газдар шығарындыларын азайту және егіншілік технологияларын жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге бағытталмақ.
Бірлескен ғылыми жұмыстардың маңызды нысандарының бірі – Kaz Agro Carbon көміртегі полигоны.
Аталған зерттеу алаңы 2025 жылғы 30 қазанда А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында ашылған. Полигонның жалпы аумағы 70 гектарды құрайды.
Kaz Agro Carbon Қазақстан–Ресей агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар орталығының қызметі аясында Ресей ғылым академиясының Федералдық агроэкология ғылыми орталығымен бірлесіп құрылған.
Қазіргі уақытта полигонда ғалымдар топырақтағы органикалық көміртегі қорын, парниктік газдар ағындарын және әртүрлі агротехнологиялардың топырақ құнарлылығы мен көміртегі теңгеріміне әсерін зерттеп жатыр.
Зерттеу алаңы газ ағындарын, топырақтың жағдайын және метеорологиялық көрсеткіштерді бақылауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жинақталған ғылыми деректерді жасанды интеллект арқылы талдау ауыл шаруашылығы жерлеріндегі өзгерістерді дәлірек болжауға және топырақты тиімді пайдалану тәсілдерін әзірлеуге көмектесуі мүмкін.
Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлескен зерттеулері ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізуге, топырақ құнарлылығын сақтауға және парниктік газдар шығарындыларын төмендетудің ғылыми негізделген әдістерін дамытуға бағытталған.