Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларының негізгі энергетикалық жабдықтарын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл өңірдегі үш жылу электр орталығында 8 қазандық агрегаты мен 3 турбоагрегат жаңартылды.

Жөндеу жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және қолданыстағы электр станцияларының сенімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жүйелік оператордың жоспарына сәйкес, өңірдегі негізгі энергетикалық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Атап айтқанда, Өскемен жылу электр орталығында 4 қазандық пен 2 турбоагрегат жөнделді. Согра ЖЭО-да 3 қазандық пен 1 турбоагрегат, ал Риддер ЖЭО-да 1 қазандық күрделі жөндеуден өтті.

Аталған жұмыстар жабдықтардың техникалық дайындығын қамтамасыз етуге, пайдалану сенімділігін арттыруға және қыс мезгіліндегі жоғары жүктеме кезінде станциялардың тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы үш жылу электр орталығы да электр және жылу энергиясын өндіріп жатыр. Станциялар тұрақты жұмыс істеуге қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген.

Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-да 6 қазандық пен 4 турбоагрегат, Согра ЖЭО-да 3 қазандық пен 2 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.

Ал Риддер жылу электр орталығында 4 қазандық пен 1 турбоагрегат пайдаланылуда.

Осылайша, өңірдегі үш станцияда қазіргі уақытта барлығы 13 қазандық пен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.

Энергетика министрлігі жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін энергетикалық нысандардың техникалық жағдайын бақылауды жалғастыруда.

Министрліктің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне қарасты аумақтық департаменттер жылу электр орталықтарындағы негізгі және қосалқы жабдықтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді.

Сонымен қатар мамандар станциялардың жұмыс режимін, температуралық кестелердің сақталуын және нормативтік отын қорының жеткіліктілігін қадағалайды.

Жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары Шығыс Қазақстан облысындағы жылу және электр энергиясын өндіру нысандарының сенімділігін арттыруға, жабдықтардың істен шығу қаупін азайтуға және жылыту маусымында энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.