Қазақстанда жыл сайын миллиондаған тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Оның едәуір бөлігі қайта өңделместен полигондарға жөнелтіледі. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет миллиардтаған қаржы бөліп, жаңа кәсіпорындар салуға кірісті. Алайда қоқысты бөлек жинау жүйесінен бастап, қайта өңдеу зауыттарының құрылысына дейін қордаланған мәселе аз емес. 6 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы саладағы жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Баспасөз мәслихатына ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев пен «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Даутов қатысты.

Елімізде қоқысты жинау мен өңдеу ісін түбегейлі өзгертуге бағытталған 67 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Олардың жалпы құны шамамен 350 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржының барлығы игеріліп қойған жоқ. Жобалардың бір бөлігі жүзеге асса, енді біріне қаржы бөлінген немесе қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Басты мақсат – қалдықтарды полигондарға жөнелте бермей, оларды қайта өңдеу арқылы өндірістік айналымға қайтару. Дегенмен жаңа зауыттар салу мәселенің бір жағы ғана. Қалдықтарды жинаудан бастап, сұрыптау, тасымалдау және қайта өңдеуге дейінгі жұмыстар бір-бірімен үйлеспесе, қомақты инвестицияның да қайтарымы төмен болуы мүмкін.

67 жобаның 15-і ғана іске қосылған

Баспасөз конференциясында Жомарт Әлиев қалдықтарды басқару саласындағы жобалардың қазіргі жай-күйіне тоқталды.

2024 жылдан бері қалыптасқан 67 жобаның 41-і қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға немесе қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға бағытталған. Тағы 15 жоба сұрыптау кешендерін дамытуға, 11 жоба қоқыс жинауға және тасымалдауға арналған арнайы техникаларды сатып алуға арналған. Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 миллиард теңге бөлген. Бұдан бөлек, құны 29,9 миллиард теңге болатын жеті жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының мақұлдауынан өтіп, келісімшарт жасау сатысына жеткен. Тағы 11 жоба сараптамадан өтуде. Қалған 15 жоба бойынша инвесторлар қажетті құжаттарын әзірлеп жатыр. Ал нақты аяқталып, пайдалануға берілген жобалардың саны – 15. Олардың тоғызында арнайы техника сатып алынған. Үш жоба бойынша қалдықтарды сұрыптау нысандары, тағы үшеуінде қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды.

Нәтижесінде 131 қоқыс таситын көлік алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптай алатын өндірістік қуат пайдалануға берілген. Сондай-ақ шиналар мен макулатураны өңдейтін кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 19,3 мың тоннаға жетті. Осы жобалардың арқасында 523 жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіштер саланың біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады. Алайда 67 жобаның әзірге 15-і ғана аяқталғанын ескерсек, негізгі жұмыстың әлі алда тұрғаны анық.

«Жасыл даму» АҚ өкілі Дархан Даутов жобалардың жүзеге асу мерзіміне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындарды салу едәуір дайындықты қажет етеді. Инвесторлар техникалық және қаржылық құжаттарды әзірлеп, экологиялық келісімдер мен тиісті сараптамалардан өтуі тиіс. Сондықтан қаржы бөлінгенімен, зауыт құрылысы бірден бастала бермейді.

Жобалар ірі қалалармен ғана шектелмеген. Мәселен, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында сұрыптау кешені іске қосылған. Атырау облысының Құлсары қаласында қоқыс таситын көліктер жаңартылса, Түркістан облысының Құркелес ауылында макулатурадан жұмыртқа науаларын өндіретін кәсіпорын жұмыс істей бастаған. Мұндай шағын өндірістердің маңызы зор. Себебі қайта өңдеу ісі тек миллиондаған тұрғыны бар қалаларда емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да жолға қойылуы керек.

Қаржы көлемі тағы 200 миллиард теңгеге ұлғаюы мүмкін

Қалдықтарды қайта өңдеу саласында жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлер саны артып келеді. Бірақ жобалардың жалпы құны қолданыстағы қаржыландыру көлемінен әлдеқайда жоғары. Қазір жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасына 185 миллиард теңге қарастырылған. Ал мақұлданған жобалардың жалпы құны 349,8 миллиард теңгеге жеткен. Осыған байланысты министрлік қаржыландыру көлемін 385 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Яғни бағдарламаға қосымша 200 миллиард теңге қарастыру жоспарланған.

Қаржы кәсіпкерлерге Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық 3 пайызбен, 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге несие ретінде беріледі. Мұндай шарт қомақты инвестицияны қажет ететін қалдық өңдеу саласы үшін маңызды қолдау саналады. Сонымен бірге бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту көзделген. Ауылдық және аудандық жерлердегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз қаражатын қоспай-ақ қатысуға мүмкіндік беру ұсынылып отыр.

Бұған қоса, 2031 жылдан бастап бұрын берілген несиелерден қайтарылған қаражатты жаңа жобаларға қайта бағыттау жоспарланған. Бұл бюджеттен үнемі қосымша қаржы сұрамай, қолдаудың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс. Егер 67 жоба толық жүзеге асса, қалдықтарды сұрыптау қуатын жылына 2,3 миллион тоннаға, қайта өңдеу қуатын 1,1 миллион тоннаға арттыру көзделген. Сондай-ақ 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Дегенмен өндірістік қуаттың артуы қалдықтардың дәл сондай көлемі міндетті түрде өңделеді деген сөз емес. Кәсіпорындардың толық жұмыс істеуі үшін жеткілікті шикізат, тұрақты тасымал жүйесі және қайта өңделген өнімді сатып алатын нарық қажет.

Тұрғындар қоқысты бөледі, бірақ ол бір көлікке тиеледі

Брифингте көтерілген өзекті мәселелердің бірі – қоқысты бөлек жинаудың іс жүзінде дұрыс ұйымдастырылмауы. Еліміздің бірқатар қаласында пластик, қағаз және өзге қалдықтарға арналған жеке контейнерлер орнатылған. Тұрғындар да қоқысты бөліп тастауға біртіндеп үйреніп келеді. Алайда кей жағдайда бөлек жиналған қалдықтардың барлығы бір қоқыс көлігіне тиеліп, бір полигонға жөнелтіледі.

Журналистер осы қайшылықты көтергенде, вице-министр Жомарт Әлиев мұндай жағдайдың бар екенін мойындады. Оның айтуынша, қалдықтарды бөлек жинауды ынталандыру үшін қоғамдық орындарға пайдаланылған пластик бөтелкелер мен алюминий ыдыстарды қабылдайтын арнайы құрылғылар орнатылуда. Сонымен бірге мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Алайда тұрғындарды қоқысты сұрыптауға шақырудың өзі жеткіліксіз. Адамдар уақыт бөліп, қалдықтарды жеке жинағанымен, оның бәрі бір көлікке тиелетінін көрсе, мұндай бастаманың тиімділігіне күмәнданатыны түсінікті.

Демек, мәселе тұрғындардың экологиялық мәдениетінде ғана емес. Қалдықтарды бөлек тасымалдайтын техника, оларды қабылдайтын кәсіпорындар және қайта өңдеуге жеткізетін жүйе қатар дамуы қажет. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 4,1 миллион тонна коммуналдық қалдық жиналған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға көп. Ал сұрыпталған қалдықтардың көлемі 1,5 миллион тоннаға жеткен. Бірақ сұрыпталған қалдықтың бәрі түпкілікті қайта өңделді деген сөз емес. Сұрыптау кезінде қайта өңдеуге жарамды материалдар іріктеледі. Кейін олардың нақты қаншасы жаңа өнімге айналғаны – бөлек бағалануға тиіс көрсеткіш. Сондықтан саланың нәтижесін тек жаңа кәсіпорындардың санымен емес, қайта өңделген шикізаттың нақты көлемімен өлшеу маңызды.

Астана, Алматы және Шымкентте қоқыстан энергия өндіріледі

Баспасөз конференциясында қалдықтарды кәдеге жаратудың тағы бір бағыты таныстырылды. Ол – қоқыстан электр және жылу энергиясын өндіру. 2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай үш кәсіпорын салу жөнінде қытайлық компаниялармен инвестициялық келісімдер жасалған. Жобалардың жалпы құны шамамен 293 миллиард теңгені құрайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ресми жоспар бойынша нысандарды 2028 жылы іске қосу көзделген. Мұндай кәсіпорындар қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды энергетикалық мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді. Соның есебінен полигондарға көмілетін қоқыс көлемін азайту жоспарланып отыр. Алайда бұл бастама экологиялық қауіпсіздік мәселесін де алға шығарады.

Қалдықтарды жоғары температурада жағу барысында атмосфераға таралатын шығарындылар қатаң бақылауда болуы керек. Әсіресе онсыз да ауа сапасы өзекті мәселеге айналған ірі қалалар үшін жаңа өндірістің қоршаған ортаға әсері ерекше маңызды. Жомарт Әлиевтің түсіндіруінше, кәсіпорындарда қолданылатын технологиялардың экологиялық талаптарға сәйкестігі инвестициялық келісімдерде қарастырылған. Министрлік өкілдері олардың қолданыстағы стандарттарға сай болатынын мәлімдеді. Дегенмен жаңа зауыттардың қауіпсіздігін бағалау үшін технология өндірушілердің уәдесімен шектелуге болмайды. Шығарындылар көлемі, тазарту жүйелерінің тиімділігі және экологиялық мониторинг нәтижелері жұртшылыққа ашық болуы қажет. Оның үстіне қоқысты жағу қайта өңдеуді алмастырмауы тиіс. Пластик, қағаз, металл және шыны сияқты қайта пайдалануға жарамды материалдарды алдымен сұрыптап алу маңызды. Әйтпесе энергия өндіру үшін жағылған қалдықтың ішінде қайта өңдеуге болатын құнды шикізат та кетуі мүмкін.

Қоқыстың қайда кеткені цифрлық жүйе арқылы бақыланады

Саладағы тағы бір жаңалық – қалдықтардың қозғалысын қадағалайтын бірыңғай цифрлық платформаның енгізілуі. Бұл жүйе қалдықтың қай жерде пайда болғанын, қайда тасымалданғанын және қандай кәсіпорында өңделгенін есепке алуға арналған. Жомарт Әлиевтің мәліметінше, цифрлық жүйе аясында қайта өңдеуге бағытталған қалдықтардың жалпы көлемі 180 мың тоннадан асқан. Оның 120 мың тоннасы 2026 жылы тіркелген. Мұндай есеп жүйесі қалдықтардың заңсыз төгілуін анықтауға және оларды өңдеу барысын бақылауға көмектесуі мүмкін. Алайда цифрландырудың тиімділігі енгізілген мәліметтердің шынайылығына байланысты. Егер тасымалдаушы кәсіпорын қалдықтың қозғалысын дұрыс көрсетпесе немесе оны іс жүзінде басқа жерге төксе, электрондық есептің өзі мәселені шешпейді. Сондықтан цифрлық бақылау нақты тексерулермен және кәсіпорындардың жауапкершілігімен ұштасуы тиіс.

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы бекітілген. Құжатта қалдықтарды толық есепке алу, қайталама шикізат нарығын дамыту, заңнаманы жетілдіру және қалдық түзушілердің жауапкершілігін күшейту қарастырылған.

Нәтижені қаржы емес, өңделген қалдық көрсетеді

6 қарашадағы баспасөз конференциясы Қазақстанда қалдықтарды басқару саласына едәуір инвестиция тартылып жатқанын көрсетті. Жеңілдетілген несиелер беріліп, кәсіпорындар іске қосылуда, алдағы жылдарға жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Бірақ бұл саланың негізгі мәселесі қаржыландырумен ғана шектелмейді. Қоқысты жинау мен тасымалдау дұрыс ұйымдастырылмаса, жаңа сұрыптау кешендерінің қуаты толық пайдаланылмайды. Қайта өңделген шикізатқа сұраныс болмаса, кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі қиындайды. Ал тұрғындар бөлек жинаған қалдықтардың ақырында бір полигонға жеткізілгенін көрсе, қоғамның мұндай бастамаларға сенімі төмендейді. Сондықтан алдағы жылдардағы басты міндет – қолға алынған жобаларды толық аяқтау ғана емес, бүкіл жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

67 жоба мен 350 миллиард теңге – саланы өзгертуге жасалған қомақты қадам. Алайда бұл қаржының нақты қайтарымы қанша зауыт салынғанымен емес, қанша тонна қалдық қайта өңделгенімен, қанша шикізат өндірісте қайта пайдаланылғанымен және полигондарға жөнелтілетін қоқыс көлемінің қаншалықты азайғанымен өлшенуі керек. Өйткені қоқыс мәселесін шешудің түпкі мақсаты – қалдықтарды бір жерден екінші жерге тасымалдау емес, олардың табиғатқа түсіретін салмағын азайтып, пайдаға жарату.