Қазақстан Қытайға май өнімдерінің экспортын 1 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр
Қазақстан алдағы екі маусымда Қытайға өсімдік майлары мен күнжара экспортын 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Соңғы үш маусымда бұл өнімдердің Қытай нарығына жеткізілу көлемі 3,7 еседен астам өскен.
Бұл туралы Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мәлімдеді. Қазіргі уақытта қауымдастық пен оған мүше кәсіпорындар 5–10 қараша аралығында Шанхайда өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (CIIE) қатысуда.
Көрмедегі Қазақстанның ұлттық стендінде Қытай нарығында сұранысқа ие отандық май өнімдерінің кең ассортименті ұсынылған.
Қауымдастық мәліметінше, Қазақстан Қытайға май өнімдерін жеткізетін негізгі экспорттаушылардың бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз Қытайға күнбағыс майын экспорттаушылар арасында екінші орынға ие болды. Сонымен қатар күнбағыс күнжарасын жеткізетін ірі үш елдің қатарына енді.
Ал рапс майының экспорты бойынша Қазақстан 2024–2025 жылдары жетекші бес мемлекеттің қатарында болды.
Соңғы үш маусымда Қытайға өсімдік майлары мен күнжара жеткізу көлемі 3,7 еседен астам артты. Өткен маусымда Қазақстан Қытайға жалпы құны 438 миллион АҚШ долларынан асатын 657 мың тонна өнім экспорттады.
Экспорт көлемінің өсуіне теміржол тасымалын ұйымдастырудағы өзгерістер де ықпал еткен.
Қауымдастық «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майларын тасымалдау жоспарларын бөлу тетігін жетілдірді.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2024 жылдың ақпан айынан бері жүргізіліп келеді.
Нәтижесінде келісілген теміржол тасымалы жоспарларының орындалу деңгейі 90 пайыздан асты. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға да жетпеген.
Сонымен қатар 2026 жылдың көктемінде Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және Қытай теміржол әкімшілігі бірлескен пилоттық жобаны іске қосты.
Жоба аясында түйіршіктелген күнбағыс күнжарасын астық тасымалдауға арналған вагондармен Қытайға жеткізу мүмкіндігі қарастырылды.
Қауымдастықтың мәліметінше, пилоттық жоба алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп, қазақстандық өнімнің Қытай нарығына экспортын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік беріп отыр.
Сала өкілдері алдағы екі маусымда Қытайға экспортталатын май өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннаға жетуі мүмкін деп болжап отыр.
Мұндай өсімге майлы дақылдар өндірісінің кеңеюі, жаңа өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы және қолданыстағы логистикалық инфрақұрылымды тиімді пайдалану ықпал етпек.
Осылайша, Қазақстан Қытай нарығына шикізатпен қатар, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл отандық май өңдеу саласының экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.