Қазақстанның фармацевтикалық инспектораты 2027 жылы халықаралық бағалаудан өтеді
Қазақстан халықаралық фармацевтикалық инспектораттардың ынтымақтастық жүйесіне (PIC/S) қосылу жолында кезекті кезеңге өтті. 2027 жылы елімізде халықаралық сарапшылардың көшпелі бағалау миссиясы мен инспекциялық тексеруін өткізу ресми түрде мақұлданды.
Бұл шешім 2–3 қарашада Ыстанбұл қаласында өткен отырыста қабылданды. Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының инспекторлары қатысты.

PIC/S жүйесіне қосылу Қазақстанның дәрілік заттар өндірісін бақылау жүйесіне деген халықаралық сенімді арттыруға және отандық фармацевтикалық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Бірқатар мемлекетте дәрілік заттар өндірісінің тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігін тану кезінде сертификат берген органның PIC/S жүйесіне қатысуы ескеріледі.
Сондықтан Қазақстанның аталған халықаралық жүйеге қосылуы отандық өндірушілер үшін шетелдік нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін.
Ал ұлттық фармацевтикалық инспекторат үшін бұл халықаралық тәжірибе алмасуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және инспекциялық тексерулердің сапасын жетілдіруге жағдай жасайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан PIC/S жүйесіне қосылу туралы ресми өтінімді 2025 жылғы наурызда жолдаған.
Сол жылдың қараша айында Гонконгта өткен PIC/S комитетінің отырысында өтінімнің толықтығы расталып, бағалау рәсіміне жауапты баяндамашы мен қосалқы баяндамашы тағайындалған.
Халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық фармацевтикалық инспекторлар GMP және GDP стандарттары бойынша оқытылып жатыр.
Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлескен оқыту аудиті өткізілді. Бағалау рәсіміне дайындық жұмыстарына Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының мамандары да қатысты.
Дайындық барысында фармацевтикалық инспектораттың ішкі рәсімдері жаңартылып, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жоспардан тыс инспекциялық тексерулерді жүргізу тәртібі халықаралық талаптарға сәйкестендірілуде.
2027 жылға жоспарланған көшпелі миссия барысында халықаралық сарапшылар Қазақстанның фармацевтикалық инспекция жүйесінің жұмысын тәжірибе жүзінде бағалайды.
Тексеру аясында инспектораттың қызметі, бақылау рәсімдерінің орындалуы және инспекциялық тексерулерді ұйымдастыру сапасы зерделенеді.
Бұл кезеңнен өту Қазақстанның PIC/S жүйесіне қосылу үдерісіндегі маңызды қадамдардың бірі болмақ. Алайда халықаралық ұйымға толық мүшелік бағалау рәсімдерінің нәтижесіне байланысты болады.
Сонымен қатар еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібі соңғы жылдары өндіріс пен экспорт көлемін арттырып келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық өнім экспорты 17,8 пайызға өскен. Отандық дәрілік заттардың басым бөлігі көршілес мемлекеттерге жеткізіледі.
Сол жылы Қазақстанда дәрілік заттар өндірісінің көлемі 37 пайызға ұлғайып, 191 миллиард теңгеге жетті.

Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында елімізде 157,4 миллиард теңгенің фармацевтикалық өнімі шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30 пайызға жоғары.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына салынған инвестициялар көлемі 3,3 есе, ал экспорт көлемі 1,9 есе артқан.
PIC/S жүйесіне қосылу отандық фармацевтикалық өндірістің халықаралық талаптарға сәйкестігін бақылауды жетілдіруге, кәсіпорындардың сыртқы нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге және дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, PIC/S – фармацевтикалық инспектораттардың халықаралық ынтымақтастық жүйесі. Оның қызметі инспекциялық рәсімдерді үйлестіруге, мамандарды оқытуға және дәрілік заттар өндірісін қадағалайтын реттеуші органдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.