Астанада су ресурстары туралы ақпаратты жинауға, талдауға және мониторинг жүргізуге арналған жаңа Ситуациялық орталық ашылды. Орталық су нысандарының жай-күйін бақылауға және су ресурстарына қатысты өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жаңа нысан Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ базасында құрылды.

Ашылу рәсіміне Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов, Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер, GIZ ұйымының өңірлік жобаларының жетекшісі Каролина Милов және орталықтың басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға Ситуациялық орталықтың техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, су ресурстары жөніндегі ақпаратты көрсетуге және талдауға арналған сегіз экраннан тұратын бейнеқабырға көрсетілді.

Орталық су ресурстары саласындағы жағдайды жедел бағалауға, қолда бар деректерді жүйелі түрде талдауға және қажетті шешімдерді уақытылы қабылдауға бағытталған.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы гранттық қаржыландыру есебінен Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеген болатын.

Қазіргі уақытта аталған жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген.

Ақпараттық жүйе 15 модульден тұрады және 12 ведомстволық ақпараттық жүйемен біріктірілген. Оған Қазақстандағы 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет енгізілген.

Сонымен қатар су пайдалануға өтініш беруден бастап, тұтынылған су үшін ақы төлеуге дейінгі үдерістер автоматтандырылған.

Мұндай цифрлық шешімдер су ресурстарын есепке алу мен басқару жұмыстарын жүйелеуге, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов су қорлары туралы нақты әрі өзекті деректердің болуы маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінде суды ұқыпты пайдалану ғана емес, сонымен қатар оның қолда бар қоры, жай-күйі мен пайдаланылуы туралы нақты ақпаратқа ие болу да маңызды. Германия, Швейцария және GIZ ұйымының қолдауының арқасында Ситуациялық орталықты қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз еттік, – деді Жандос Сәлімов.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта орталықтың техникалық мүмкіндіктерін кеңейту, ақпараттық жүйені жаңа деректермен толықтыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасады.

– Алда оның мүмкіндіктерін дамыту, деректермен толықтыру және жаңа шешімдерді енгізу бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біздің барлық күш-жігеріміз су ресурстарын ұтымды пайдалануға және оларды келер ұрпақ үшін сақтауға бағытталған, – деді ол.

Жаңа Ситуациялық орталықтың ашылуы су ресурстарын басқаруды цифрландыруға, су нысандарының жағдайын бақылауды жетілдіруге және мемлекеттік органдардың деректерге негізделген шешімдер қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.