Қазақстандық тауарларды Түркия нарығына шығару үшін Ыстанбұлда QazTrade кеңсесі ашылды
Түркияның Ыстанбұл қаласында қазақстандық өнімдерді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге арналған QazTrade серіктестік кеңсесі ашылды. Жаңа алаң отандық өндірушілерге түрік компанияларымен тікелей байланыс орнатуға, тауарларын таныстыруға және экспорттық серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Кеңсенің ресми ашылу рәсімі 4 қарашада өтті. Іс-шара 2–4 қараша аралығында ұйымдастырылған Ислам ынтымақтастығы ұйымының Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСЕК) 42-сессиясымен тұспа-тұс келді.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова қатысты.

Оның айтуынша, жаңа кеңсе қазақстандық кәсіпорындардың Түркия нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге және дайын өнім экспортын ұлғайтуға бағытталған.
– Бүгін түрік серіктестеріміз Қазақстанның қандай өнімдер ұсына алатынын өз көзімен көруі үшін қазақстандық тауарлардың үлгілерін де ала келдік. Біз әсіресе азық-түлік өнімдерінің, өңделген тауарлардың және өзге де дайын өнімдердің Түркия нарығына экспортын кеңейтуге мүдделіміз, – деді Жанель Кушукова.
Кеңсенің ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығаюымен қатар жүріп отыр.

28 қазанда Анкарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзара сауда көлемін арттыру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.
2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 62,1 пайызға өсіп, 6,33 миллиард АҚШ долларына жетті.
Осы кезеңде Қазақстанның Түркияға экспорты 91 пайызға ұлғайып, 5,3 миллиард долларды құрады. Ал Түркиядан импортталған тауарлардың көлемі 1,03 миллиард доллар болды.

Қазіргі уақытта Түркия Қазақстанның ірі сауда серіктестері арасында төртінші орында тұр.
QazTrade компаниясының Түркиядағы серіктесі – Yenisan Companies Group. Компания жаңа кеңсе мен көрме алаңын орналастыруға үй-жай ұсынып, жергілікті кәсіпкерлермен байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Серіктестік кеңсе Ыстанбұлдың іскерлік орталықтарының бірі саналатын Аташехир ауданында орналасқан.

Мұнда іскерлік келіссөздер жүргізуге арналған бөлмелер мен қазақстандық өндірушілердің өнімдері қойылған арнайы шоурум жабдықталған.

Көрме алаңында отандық кәсіпорындардың азық-түлік, сусын, кондитерлік өнім, киім және аксессуарлары ұсынылған.
Атап айтқанда, келушілер «Цесна» брендінің ұны, макарон өнімдері мен жармаларын, «Абзал и К» күрішін, Arvena компаниясының бұршақ және макарон өнімдерін, KaMei құрғақ сүтін, Aspan food camel мен Aruana брендтерінің түйе сүтінен жасалған өнімдерін көре алады.

Сонымен қатар шоурумда Qurt qazaq national product және «Барака» брендтерінің құрты, RIKS сусындары, BARBADOS шәрбаттары, «Бахус» коньягы, AMANI киімдері мен аксессуарлары таныстырылған.
Көрмеде «Рахат» және Qazaq Apple шоколадтары, «Цесна» мен «Баян Сулу» кондитерлік өнімдері, қазақстандық бал, зығыр және күнбағыс майлары, «Той» мен «Алтын Кесе» шайлары және тосап өнімдері де ұсынылған.

Шоурум тұрақты көрме алаңы ретінде жұмыс істейді. Түркиялық импорттаушылар мен дистрибьюторлар қазақстандық өнімдердің үлгілерімен танысып, өндірушілер туралы ақпарат алып, олармен тікелей келіссөз жүргізе алады.
QazTrade Түркия нарығымен қатар, қазақстандық тауарларды үшінші елдерге жеткізу мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр.
Атап айтқанда, компания түрік серіктестерімен бірлесіп, Сирия, Ирак, Иран және Ауғанстан нарықтарына шығу жолдарын пысықтауда.
Бұдан бөлек, қойма және терминал инфрақұрылымын дамыту, жаңа инвестициялар мен технологиялар тарту мәселелері талқыланып жатыр.
Болашақ жобалардың бірі – қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықтарға жеткізуге арналған қойма кешенін құру.
Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда экспорттық логистиканы дамытуға, тауарларды сақтау мен жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және отандық өндірушілердің шетелдік серіктестермен жұмысын жеңілдетуге жағдай жасалады.
QazTrade кеңсесінің ашылуы Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға, отандық дайын өнімдердің халықаралық нарықтағы үлесін кеңейтуге және Түркиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.