Ақылбек Күрішбаев: Мемлекеттік реформалар мен инфрақұрылымдық жобалар ғылыми негізге сүйенуі керек
Қазақстанда жүзеге асырылатын ауқымды реформалар мен инфрақұрылымдық жобалар ғылыми зерттеулерге және нақты есептеулерге негізделуі тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдіре отырып айтты.
Академик Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтарды қолдайтынын жеткізді.
Оның пікірінше, елімізде жоспарланған ауқымды өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін ғылымның барлық негізгі салаға жүйелі түрде қатысуын қамтамасыз ету қажет. Бұл заманауи технологияларды енгізуді, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануды және экономикалық шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдауды талап етеді.
Ақылбек Күрішбаев әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударды.
Ғалымның айтуынша, инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін тек салынған нысандардың санымен немесе төселген жолдардың ұзындығымен бағалау жеткіліксіз. Олардың сапасы, пайдалану мерзімі және тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне сәйкестігі басты өлшем болуы керек.
Академик автомобиль жолдарының сапасын арттыру мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, жол құрылысына қолданылатын материалдардың зертханалық сынақтардан сәтті өтуі олардың Қазақстанның күрделі климаттық жағдайларында ұзақ қызмет ететініне толық кепілдік бермейді.
– Бүгінде жол салу – бұл жай ғана асфальт төсеу емес. Зертханалық жағдайда материалдың жоғары беріктік көрсетуі оның Қазақстанның күрделі табиғи-климаттық жағдайларында ұзақ қызмет ететініне кепілдік бермейді. Сондықтан сапалы деректер жинауға, физикалық тұрғыдан негізделген модельдеуге, тәуелсіз тексеруге және содан кейін ғана тәжірибеге енгізуге негізделген толыққанды ғылыми цикл қажет, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Ұлттық ғылым академиясы жанынан Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын құру.
Жаңа институттың қызметі қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға, заманауи инженерлік шешімдерді әзірлеуге және отандық ғылыми жаңалықтарды көлік инфрақұрылымына енгізуге бағытталмақ.
Сонымен қатар пайдалану мерзімі ұзартылған автомобиль жолдарын жобалау және пайдалану технологияларын әзірлеуге арналған ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бағдарлама аясында жаңа материалдарды зерттеу, инженерлік шешімдерді тәжірибелік сынақтан өткізу және озық технологияларды Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімдеу көзделген.
Бұл бағытта халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Қытайдың зерттеу ұйымдарымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ғылыми негізделген тәсіл тек жол құрылысына ғана емес, ауыл шаруашылығын жаңғырту, су ресурстарын басқару, энергетика, өнеркәсіп және жасанды интеллектіні дамыту салаларына да қажет.
Академик ғылыми сараптама жобаларды жүзеге асырудың соңғы кезеңінде ғана жүргізілмеуі тиіс екенін атап өтті.
Оның пікірінше, ғылым міндеттерді айқындаудан бастап, жобаларды әзірлеу, іске асыру және олардың нәтижелерін бағалауға дейінгі барлық кезеңге қатысуы қажет.
– Әрбір реформаның алдында ғылыми негіздеме болуы керек, әрбір құрылыстың негізінде нақты есептеулер жатуы тиіс, ал әрбір технологияны енгізу сынақтан өткізілуі қажет. Сонда ғана мемлекеттік инвестициялар нақты нәтижелерге айналып, қоғамға шынайы пайда әкеледі, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Ұлттық ғылым академиясы президентінің пікірінше, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл ретте негізгі мақсат жекелеген ғылыми әзірлемелер жасаумен шектелмей, оларды өндірістік тәжірибеге кеңінен енгізу болуы тиіс.
Сонымен қатар жоғары білікті мамандар даярлау, отандық технологиялық базаны қалыптастыру және ғылыми зерттеулердің нақты экономикалық нәтижелерге ықпалын арттыру маңызды.
Ақылбек Күрішбаев ғылыми тәсілдерді мемлекеттік басқару мен инфрақұрылымдық жобаларға жүйелі енгізу Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтып, құрылыс сапасын жақсартуға және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.