2027 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде екі елдің ынтымақтастығы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, сауда, инвестиция, білім беру және туризм салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу Түркия Республикасының 103 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдауда мәлімдеді.

3 қарашада өткен шарада елші екі ел арасындағы қарым-қатынастың бүгінгі нәтижелеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, мемлекет басшыларының өзара сапарлары, жаңа экономикалық келісімдер мен білім беру саласындағы бастамалар қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі нығайта түспек.

35 жылдық белес және стратегиялық серіктестік

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 наурызда орнаған. Түркия 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет ретінде екі елдің дипломатиялық тарихында ерекше орын алады. Мұстафа Капуджудың айтуынша, биыл мемлекет басшылары деңгейінде өткен кездесулер қазақ-түрік байланыстарының жаңа кезеңіне жол ашты. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Анталия дипломатиялық форумына қатысты. Ал мамырда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға сапар жасап, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына және Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты.

Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасында «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға» қол қойылды. Бұл құжат Қазақстан мен Түркияның саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарын одан әрі дамытуға бағытталған. Қазан айының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапар жасап, Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитіне қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Президентінің қарашада Анталияда өтетін COP31 климат саммитіне қатысуы жоспарланған.

«2027 жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтетін боламыз», – деді Мұстафа Капуджу.

Жыл сайын 300-ге жуық қазақстандыққа білім гранты ұсынылады

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласы. Елшінің мәліметінше, 1992 жылдан бері Түркияның білім беру бағдарламалары аясында Қазақстаннан барған 7 мыңға жуық студент қолдау алған. Қазіргі уақытта Түркияның жоғары оқу орындарында 13 мың қазақстандық білім алып жатыр. Ал халықаралық «Türkiye Bursları» стипендиялық бағдарламасы арқылы жыл сайын Қазақстан азаматтарына 300-ге жуық білім гранты ұсынылады.

Бұл бағдарлама қазақстандық жастарға Түркия университеттерінде жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Білім саласындағы байланыстар екі ел арасындағы академиялық тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және жас мамандар даярлауға да ықпал етеді.

Сонымен қатар Түркияның халықаралық «Маариф» білім беру қоры Қазақстандағы қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қор Астана мен Алматы қалаларында жаңа мектептер ашу бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Аталған бастамалар қазақ-түрік байланыстарының тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, білім беру мекемелері мен жас ұрпақ арасында да нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Бір жылда 763 мыңға жуық қазақстандық Түркияға барған

Салтанатты қабылдауда туризм саласындағы көрсеткіштерге де ерекше назар аударылды. Мұстафа Капуджудың айтуынша, 2025 жылы Түркия шамамен 64 миллион турист қабылдаған. Олардың 763 мыңға жуығы – Қазақстан азаматтары.

Елші бүгінде Түркияның әлемдегі жетекші туристік бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, 1923 жылы Түркия Республикасы құрылған кезде ел халқының саны 12,5 миллион шамасында болған. Ұзаққа созылған соғыстардан кейін мемлекет күрделі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды бастан өткерді. Ал қазіргі таңда Түркия халқы 87 миллионға жуықтап, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы және туризм салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетті.

«Бүгінде Түркия халқының саны 87 миллионға жуықтап, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, өңірдегі қуатты өнеркәсіптік әлеуеті және дамыған көлік инфрақұрылымы арқасында әлемнің 16 ірі экономикасының қатарына енді», – деді дипломат. Елшінің пікірінше, туризм екі халық арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді. Қазақстан азаматтарының Түркияға жиі сапарлауы елдер арасындағы мәдени және қоғамдық қарым-қатынастардың дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр

Экономикалық ынтымақтастық та екі елдің стратегиялық серіктестігінде маңызды орын алады. Мұстафа Капуджу келтірген дерекке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы шамамен 10 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Ал мемлекет басшылары өзара сауда көлемін 15 миллиард долларға дейін ұлғайту міндетін қойған.

«Мемлекет басшыларымыз айқындаған 15 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі межені алдағы бірнеше жылда еңсеретінімізге сеніміміз мол», – деді елші. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен құрылған 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының көлемі 6 миллиард доллардан асқан.

Екі ел ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және өзге де салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Сонымен бірге қазақстандық компаниялар да Түркия экономикасына инвестиция салып келеді. Дипломат өзара инвестициялардың артуы екі елдің экономикалық байланыстарын тереңдетуге және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі

Салтанатты қабылдауда Қазақстан Үкіметі атынан Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров құттықтау сөз сөйледі. Министр Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындауы екіжақты қатынастардың берік негізін қалаған тарихи оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен 35 жылға жуық уақыт ішінде елдер арасындағы байланыстар жан-жақты дамып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.

Әлібек Қуантыров екі мемлекеттің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауына да тоқталды. Әсіресе Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі бірлескен бастамалардың маңызына назар аударды. Министрдің пікірінше, Анкарада өткен ұйымның XIII саммиті түркі елдері арасындағы бірлікті нығайтуға, ортақ бастамаларды ілгерілетуге және өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да стратегиялық серіктестікті тереңдетуге, экономикалық байланыстарды кеңейтуге және бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі.

2027 жылы аталып өтетін дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығы осы ынтымақтастықтың нәтижелерін қорытындылап қана қоймай, екі елдің алдағы кезеңдегі ортақ мақсаттарын айқындауға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, Түркия Республикасының 103 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен іскерлік қауымдастық мүшелері, сондай-ақ мәдениет, өнер, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дереккөз: Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі, Коммуникация басқармасы.