Қазақстанда 8 энергоблок пен 49 қазандық агрегаттың күрделі жөндеуі аяқталды
Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында энергетикалық нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 8 энергоблок, 49 қазандық агрегат және 32 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтті.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарының уақытылы орындалуын және жабдықтардың техникалық жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Жүйелік оператордың жоспарына сәйкес, 2026 жылы еліміздің электр станцияларында 9 энергоблокты, 55 қазандық агрегатты және 51 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу көзделген.
Бүгінгі таңда жоспарланған 9 энергоблоктың 8-інде, 55 қазандық агрегаттың 49-ында және 51 турбоагрегаттың 32-сінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Атап айтқанда, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ға қарасты Павлодар ЖЭО-3 станциясында биылғы жөндеу науқаны толық аяқталған.
Жылыту маусымына дайындық барысында станциядағы №1, №3 және №5 қазандық агрегаттарына, сондай-ақ №3 және №5 турбоагрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, №1 түтін мұржасы жөнделді.
Қазіргі уақытта Павлодар ЖЭО-3 станциясында бес қазандық агрегат пен бес турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Олар қала тұтынушыларын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуде.
Министрліктің мәліметінше, жүргізілген жөндеу жұмыстары энергетикалық жабдықтардың сенімділігін арттыруға және жылыту маусымында энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа электр станцияларын салумен қатар, қолданыстағы энергетикалық нысандар мен электр беру желілерін жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын.
Осы тапсырмалар аясында Энергетика министрлігі елдегі электр станцияларының техникалық жағдайын бақылауды және жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қадағалауды жалғастыруда.
Павлодар ЖЭО-3 станциясындағы жөндеу науқанының аяқталуы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.