Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы жоғары жылдамдықты спутниктік интернетпен жабдықталған алғашқы рейсін орындады. 29 қазанда Алматыдан Ташкентке ұшқан Airbus A321LR әуе кемесінің жолаушыларына борттағы Wi-Fi қызметі қолжетімді болды.

Спутниктік интернет жүйесі EI-KGB тіркеу нөмірі бар ұшаққа орнатылған. Жоба халықаралық SES спутниктік байланыс компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жабдықтарды орнату жұмыстарын Air Astana компаниясының мамандары өздерінің техникалық базасында жүргізеді.

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы пойыздар мен ұшақтарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті қойылған. Қазіргі уақытта спутниктік байланыс теміржол көлігінде қолданыла бастады. Енді бұл технология әуе тасымалында да енгізіліп жатыр.

Жоба жолаушыларға ұшу кезінде жақындарымен және әріптестерімен байланыста болуға, сондай-ақ күнделікті цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, әуе көлігінде спутниктік интернетті іске қосу үшін халықаралық операторлармен келіссөздер жүргізіліп, қызмет көрсету шарттары мен реттеушілік талаптар пысықталған.

Атап айтқанда, геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалануға қатысты заңнамалық өзгерістер мен талаптар әзірленді. Әуе және су көлігі үшін арнайы шарттар қарастырылып, спутниктік байланысқа қосылуға кедергі келтірген бірқатар реттеушілік шектеуді жоюға мүмкіндік туды.

Сонымен қатар халықаралық операторлармен Қазақстан заңнамасын және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері келісілді.

Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ұшақтарда спутниктік интернетті енгізуге қажетті жағдай жасау үшін соңғы бір жылда ауқымды жұмыс атқарылған.

– Шетелдік әріптестермен, халықаралық спутниктік операторлармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, әуе көлігінде геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану мәселелерін пысықтадық. Бұл технологияны тәжірибе жүзінде енгізуге мүмкіндік берді. Air Astana әуе компаниясының интернетке қосылған алғашқы ұшағы осы жұмыстың нақты нәтижесі болды, – деді Жаслан Мәдиев.

Министр алдағы уақытта азаматтардың пойыздар мен ұшақтарда сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Air Astana компаниясының мәліметінше, 2027 жылғы 31 қаңтарға дейін созылатын жарнамалық кезеңде спутниктік интернет орнатылған ұшақтағы барлық жолаушы Wi-Fi қызметін тегін пайдалана алады.

Ал 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап интернетке қол жеткізу шарттары өзгереді. Тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына, сондай-ақ Nomad Club адалдық бағдарламасының Gold және Diamond мәртебелерінің иелеріне ұсынылады.

Nomad Club бағдарламасының барлық деңгейдегі қатысушылары ұшу кезінде мессенджерлерді тегін пайдалана алады. Қалған жолаушылар үшін ақылы интернет пакеттері қолжетімді болады.

Әуе компаниясы Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты спутниктік Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстарын 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғастыруды жоспарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, спутниктік байланыс технологияларын дамыту жұмыстары көлік саласымен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта мұндай шешімдерді Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аймақтарында кеңінен қолдану көзделіп отыр.