Қазақстанда жылына 9,4 млрд текше метр газ өңдейтін төрт жаңа зауыт іске қосу жоспарланып отыр
Қазақстанда жалпы қуаты жылына 9,4 миллиард текше метр шикі газды өңдеуге жететін төрт жаңа газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанада өткен Energy Trends: Gas & Petrochemicals сараптамалық алаңында айтылды.
«Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырған кездесуде газ және мұнай-газ химиясы салаларын дамыту, геологиялық барлау жұмыстарын жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Энергетика министрлігінің, «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының өкілдері, жеке жер қойнауын пайдаланушылар мен сала сарапшылары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру болды. Атап айтқанда, геология саласына заманауи технологияларды енгізу, жеке инвестиция тарту, газ инфрақұрылымын дамыту және шикізатты терең өңдеу мәселелеріне назар аударылды.
Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаровтың айтуынша, Қазақстандағы бекітілген алынатын газ қоры шамамен 4 триллион текше метрді құрайды. Оның жартысынан астамы – ілеспе мұнай газы.
Қазіргі уақытта елімізде жыл сайын 27 миллиард текше метрден астам тауарлық газ өндіріледі. Алайда елді мекендерді газдандыру, өнеркәсіптің дамуы және кәсіпорындардың экологиялық тұрғыдан таза отынға көшуі нәтижесінде ішкі тұтыну көлемі артып келеді.
Болжам бойынша, 2026 жылы Қазақстандағы газ тұтыну көлемі 22,5 миллиард текше метрден асады.
Осыған байланысты шикізат базасын кеңейту және газ өңдеу қуаттарын арттыру мақсатында төрт жаңа зауытты іске қосу көзделіп отыр. Олардың жиынтық жобалық қуаты жылына 9,4 миллиард текше метр шикі газды құрайды.

– Геологиялық қорлардың болуы өздігінен жеткізуге дайын тауарлық газдың бар екенін білдірмейді. Ол үшін инвестициялар, заманауи технологиялар және инфрақұрылымды үйлесімді дамыту қажет. Әрбір жаңа зауыттың ұзақ мерзімді жүктемесін қамтамасыз ететін расталған шикізат көздері болуы тиіс, – деді Ерлан Акбаров.
Вице-министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі газ саласын 2030, 2035 және 2040 жылдарға дейін дамыту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Құжатта геологиялық барлау, газ өндіру және өңдеу жұмыстары халық пен өнеркәсіптің болашақ қажеттіліктерімен үйлестірілмек.
Президенттің жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында еліміздегі 15 шөгінді бассейннің ішінен жеткілікті зерттелмеген 11 бассейннің әлеуетін анықтауға басымдық беріліп отыр.
Сонымен қатар күрделі және тереңде орналасқан кен орындарын игеруге инвестиция тарту үшін заңнамалық ынталандыру тетіктері қарастырылған.
Қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға жаңа аукцион өткізбей-ақ, өз учаскелерінің шекарасын бес километр тереңдікке дейін кеңейту құқығы берілген. Көмір қабаттарындағы метанды қоса алғанда, дәстүрлі емес газ ресурстарын игеруді ынталандыру шаралары да пысықталуда.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардың тәсілдері өзгертіліп жатыр. Енді ұсынылған төлем көлемімен қатар, геологиялық зерттеулердің нәтижесі, алынған деректердің сапасы және қорларды игеруге дайындау деңгейі де бағаланатын болады.
«Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов газ өндіру және өңдеу жобаларын өзара байланыстыра жоспарлаудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа кәсіпорын салуға ниетті инвестор шикізаттың қайдан жеткізілетінін, оның бағасын және ұзақмерзімді жеткізілім тұрақтылығын алдын ала білуі қажет. Ал газ өндіруші компаниялар үшін тұрақты сұраныс пен тиімді экономикалық жағдайлардың болуы маңызды.

– Кез келген жобаның табысты болуы оның ұзақ жылдар бойы бәсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкіндігіне байланысты. Бұл ретте мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істеп, нақты практикалық шешімдер қабылдауы маңызды, – деді Нұрлан Жұмағұлов.
Кездесуде мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту және ірі өндіріс орындарының айналасында шағын және орта бизнес экожүйесін қалыптастыру мәселелері де қаралды.
Мәліметтерге сәйкес, 2023–2025 жылдары Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 73 пайызға өсіп, 358,6 мың тоннадан 619,2 мың тоннаға жеткен.
Алдағы жылдары полиэтилен, бутадиен, газды бөлу және аммиак-карбамид кешендерін қоса алғанда, жаңа ірі өндірістерді іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл кәсіпорындар жобалық қуатына шыққан жағдайда, 2031 жылға қарай еліміздегі мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі жылына шамамен 2,9 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.

Жаңа өндірістер отандық кәсіпорындарды құрылыс материалдарын, құбырлар, қаптамалар және медициналық бұйымдар шығаруға қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Сарапшылар мұндай өнімдер Қазақстанда жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық жобалар үшін де маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар әзірленіп жатқан «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын, сұйытылған табиғи газ бен газ мотор отыны нарығын реттеу мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, 13 миллионнан астам қазақстандықты тұрақты газбен қамтамасыз ету мақсатында газ тасымалдау жүйесі мен жерасты газ қоймаларын жаңғырту қажеттігі айтылды.
Кездесуде газ қорларын тиімді игеру, өңдеу қуаттарын арттыру және мұнай-газ химиясы өндірісін кеңейту Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді.