Тоқаев Бельгия Королі мен Патшайымының Қазақстанға сапарын тарихи оқиға деп атады
Фото: akorda.kz
Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Президенттік оркестр екі елдің әнұранын орындады.
Содан кейін Шығыс залында шағын құрамдағы кездесу өтті.
Келіссөз барысында Президент Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи оқиға екенін атап өтті.
– Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енгенін айтты.
Президент Король Филипптің Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш рет келгенін еске салып, оның елімізбен қарым-қатынасты дамытуға ниет білдіріп келе жатқанын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп атады.
– Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев үздіксіз саяси диалог екі ел ынтымақтастығының берік тұғыры екенін атап өтті.
Президент Бельгияның жетістіктеріне жоғары баға беріп, бұл елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бес жыл бұрын Бельгияға жасаған сапары кезіндегі мазмұнды келіссөздерді және биыл маусым айында Премьер-министр Барт де Вевермен өткен кездесуін еске алды.
Оның айтуынша, екі тарап та серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растаған.
Король Филипп пен Патшайым Матильда қонақжайлық пен көрсетілген құрмет үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.
Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне және халықаралық аренадағы беделіне арнайы тоқталды.
Король Филипп Қазақстанды Бельгия үшін қарқынды дамып келе жатқан маңызды ел деп атады.
– Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды.
Корольдің айтуынша, Қазақстан мен Бельгия 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатқан және екі ел бұл тарихи межені бірге атап өтуге ниетті.
Ол сапар аясында келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кіргенін айтып, ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси диалогты, өзара құрметке негізделген серіктестікті және алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Фото: akorda.kz