Тоқаев ТМД-ны 2035 жылға дейін дамыту стратегиясын әзірлеуді ұсынды
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түрікменстанның ТМД-ға төрағалығы кезеңіндегі нәтижелерін және Ұйымның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бүгінгі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан ТМД-ның бастауында тұрғанын еске салды. Оның сөзінше, 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы мемлекеттер тарихындағы бетбұрысты кезең болды.
– ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық осы жылдар ішінде сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде танылғанын айтты.

Фото: akorda.kz
Президент ТМД-ның ең үлкен байлығы халықтар достығы, ортақ мәдени және рухани мұра екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі халықаралық жағдайда тікелей әрі сенімді диалогты жалғастырып, әр мемлекеттің мүддесін ескеретін ортақ шешімдер табу ерекше маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мерейлі жылда Алматы декларациясындағы қағидаттарға қайта назар аударып, жүріп өткен жолды зерделеу және алдағы міндеттерді айқындау қажет екенін айтты.
Оның айтуынша, қараша айында Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді.
Президент ТМД мемлекеттерінің ғалымдарын, құқықтанушыларын, тарихшыларын және сарапшыларын аталған конференцияға белсенді қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезең алдындағы ортақ міндет – Достастықтың халықаралық беделді ұйым ретіндегі әлеуетін күшейтіп, оны жаңа геосаяси жағдайға бейімдеу екенін айтты.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның ұзақмерзімді басымдықтарын белгілеуді ұсынды.
Президенттің айтуынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, кейін жаңартылғанымен, одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне жекелеген салаларға қатысты болды.
– Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы стратегияда экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы сияқты негізгі бағыттарға басымдық беру қажет екенін атап өтті.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ықпалдастықты тереңдету және индустриялық-технологиялық серіктестікті жетілдіру ерекше маңызға ие екенін айтты.
Президент Қазақстан ТМД елдерінің нарығына басымдық беретінін жеткізді. Оның сөзінше, еліміздің сыртқы сауда айналымының ширегінен астамы Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ТМД елдерімен сауда айналымы 40 млрд долларға жуықтаған. Ал биылғы жеті айда бұл көрсеткіш 10 пайызға өскен.
Мемлекет басшысы бірлескен өндірістерді дамытуда да мол тәжірибе қалыптасқанын атап өтті.
Мысалы, Ресей Федерациясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан қазақстандық өнеркәсіп жобалары портфелінде жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар. Оның 124-і іске асырылған.
Өзбекстанмен арада шамамен 2 млрд доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылған.
Президент Қазақстан Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аумақтарда индустриялық-сауда орталықтарының желісін құрып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, енді осы әлеуетті тиімді пайдаланып, өзара саудадағы негізсіз кедергілерді жою қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің 2027-2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды.

Фото: akorda.kz
Президент қосылған құны жоғары өнім өндірісіне баса мән беру қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік байланысын дамыту және транзит әлеуетін нығайту ынтымақтастықты кеңейтетін маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.
Қазақстан үшін Солтүстік – Оңтүстік, Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәліздері және Транскаспий бағыты басты күре жолдар саналады.
Президенттің айтуынша, аталған бағыттарды өзара үйлестіру құрлық арқылы жүк тасымалының тиімділігін арттырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында Қазақстан бастамасымен ТМД-ға мүше мемлекеттер аумағы арқылы өтетін басты көлік жолдарын ұштастыру тұжырымдамасы қабылданғанын еске салды.
Сондай-ақ тамыз айында жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталғанын айтты.
Аталған стратегиялық жоба пайдалануға берілген кезде Қытайдан Еуропаға дейінгі автожол шамамен мың шақырымға қысқарып, транзит жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.
Мемлекет басшысы жүк тасымалын цифрландыру, электронды құжат айналымы және шекарадағы рәсімдерді үйлестіру маңызды екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру.
Қазақстанның ұсынысы бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылған. Ресей және Беларусь елдерімен де осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Ресей тарапымен бірлесіп, биыл мамыр айында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың рөлі артып, жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанын айтты.

Фото: akorda.kz
Президенттің пікірінше, жаңа технологияларды игеру және төл әзірлемелерді енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі факторға айналады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы жасанды интеллект стратегиясы, заңнама және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыруды ұсынды.
Бұл жұмысқа ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатыса алады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ТМД аясында жасанды интеллект саласы мамандарының арнайы форумын өткізуді ұсынды.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтудің маңызына да тоқталды.
Мемлекет басшысы адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас, өзара сенім, ұқсас менталитет және орыс тілі ТМД-ның бірегей сипатын көрсететін ерекшеліктер екенін айтты.
Қазақстанның ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесі қабылданды.
Президент тамыз айында Астанада тұңғыш рет ТМД волонтерлер форумы өткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің рөлі зор екенін айтып, әріптестерін Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын сақтап, барлық халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау маңызды екенін айтты.
Президент жастардың кітап оқуға құштарлығын қолдау өзекті мәселе екенін атап өтті.
Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы іске асырылып жатыр.
Осы идеяны жалғастыра отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық халықтарының әдеби мұрасынан құралған «ТМД кітапханасының алтын қорын» жасауды ұсынды.

Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, бұл қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болады.
Жоба аясында кәсіби аударманы қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана құру да ұсынылды.
Мемлекет басшысы ТМД-ның халықаралық байланысын кеңейту қажет екенін айтты.
Ол Қазақстанның ұсынысымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды.
Осы бастаманың жалғасы ретінде «ТМД плюс» форматы пайда болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі қадам алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру болуы мүмкін екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, Ұйымның еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретіндегі рөлін күшейтеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті екенін жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 35 жыл ішінде Достастық мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
Сондай-ақ Президент келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.
Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz