Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өтіп жатқан COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша көшбасшылар саммитінде бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Ананимен және Еуропалық комиссияның таза, әділ және бәсекеге қабілетті экономикаға көшу мәселелері жөніндегі атқарушы вице-төрағасы Тереза Риберамен келіссөз жүргізді.

ЮНЕСКО Бас директорымен кездесуде Қазақстанның халықаралық ұйыммен білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар бірлескен бастамаларды ілгерілету, гуманитарлық байланыстарды кеңейту және халықаралық диалогты нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтудің маңызы атап өтілді.

Еуропалық комиссия өкілі Тереза Риберамен келіссөзде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестіктің негізгі бағыттарына назар аударылды.

Фото: akorda.kz

Атап айтқанда, тараптар орнықты даму, энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қозғады.

Кездесулер COP17 саммиті аясында өтіп, Қазақстанның халықаралық ұйымдармен және Еуропалық одақпен экологиялық, ғылыми және гуманитарлық бағыттардағы байланыстарын дамыту мәселелерін қамтыды.