Қазақстан Будапешт конвенциясын ратификациялау құжаттарын Еуропа Кеңесіне тапсырды
Фото: Gov.kz
Қазақстан киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Еліміз Компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенциясын ратификациялау рәсімін жүзеге асыруда.
12–16 қазан аралығында Францияның Страсбург қаласында Еуропа Кеңесінің Киберқылмыс туралы конвенциясы комитетінің (T-CY) 35-ші пленарлық отырысы және Будапешт конвенциясының 25 жылдығына арналған «Octopus 2026» халықаралық конференциясы өтуде.
Іс-шараларға Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков бастаған Қазақстан делегациясы қатысып жатыр.
Пленарлық отырыста киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері талқылануда.
Сонымен қатар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы бірлескен шараларды әзірлеуге ерекше назар аударылды.
12 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Осыған байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасымен Айдар Сайтбеков пленарлық отырыста баяндама жасап, Қазақстанның конвенцияны ратификациялағаны туралы Еуропа Кеңесінің Хатшылығына хабарлады.
Сондай-ақ «Octopus 2026» халықаралық конференциясы аясындағы салтанатты рәсімде Қазақстан тарапы ратификацияны растайтын құжаттарды Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге табыс етті.

Фото: Gov.kz
Будапешт конвенциясын ратификациялау Қазақстанның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бұл қадам компьютерлік қылмыстарды тергеп-тексеру тетіктерін жетілдіруге, шетелдік құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасуды дамытуға және бірлескен әрекеттерді үйлестіруге қосымша құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазақстан делегациясының халықаралық іс-шараларға қатысуы киберқауіпсіздік саласындағы озық тәжірибелерді зерделеуге және шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.