Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Беларусь Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі Алексей Ляхновичпен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық портфеліне жалпы құны 204,3 млн доллар болатын 16 жоба кіреді.

Аталған жобалар аясында 1,7 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін 13 жоба іске асырылған.

Кездесуде теміржол машина жасау саласындағы әріптестікті кеңейтуге және өндірістік құрамдас бөлшектерді өзара жеткізуге ерекше назар аударылды.

Ерсайын Нағаспаев екі мемлекеттің өндірістік мүмкіндіктерін біріктіріп, өзара тиімді жеткізу тізбектерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Беларусь теміржолы мен басқа да бейінді кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін теміржол дөңгелектерін және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді жеткізу көлемін арттыруға дайын.

– Біздің ортақ міндетіміз – жекелеген құрастыру жобаларын жүзеге асырудан екі елдің өнеркәсіптік әлеуетінің бір-бірін толықтыруына негізделген тұрақты бірлескен өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көшу. Осыған байланысты қазақстандық кәсіпорындар Беларусь нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамытудың келешегі зор бағыттарын қарастырып, бірлескен өндірістердің әлеуетін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь өкілдері белгіленген бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін нақты пысықтауға келісті.