Тоқаев қазақ-оман бизнес форумында инвестициялық серіктестікті кеңейтуге шақырды
Фото: akorda.kz
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті.
Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскер топ өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде жоғары деңгейдегі келіссөздердің өзара сенім мен түсіністік жағдайында өткенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін келісімшарт-құқықтық база мен институттық негіздерді күшейту маңызды.
Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар үшін түсінікті, ашық әрі сенімді шарттар қалыптасады.
Сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға ерекше мән берілді.
– Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысының айтуынша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптайтынын айтты.
Президенттің сөзінше, бұл бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге жол ашады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оманның жаңадан құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Оның пікірінше, екі елдің қаржы институттары арасындағы тікелей байланыстар инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейте алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобалар тәжірибесіне де тоқталды.
– Энергетика, логистика және тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық табысты серіктестігіміз оң нәтижесін бере бастады. Біз мұны мақтан тұтамыз.
Президенттің айтуынша, өмірлік маңызы бар осы салаларда әлеуетті біріктіру екі елдің игілігіне қызмет ететін жаңа бірлескен кәсіпорындардың пайда болуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласында ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.
– Біз Оманды көлік-логистика саласындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Өйткені, бұл – стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, порт инфрақұрылымы ілгері, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығатын жолы бар ел.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан табиғи ресурсы мол, өндірістік базасы дамыған, Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағыттарында стратегиялық рөл атқаратын мемлекет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
– Еліміздің жазиралы даласында ауыл шаруашылығымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Сондықтан бүкіл Шығанақ аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола аламыз.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қазіргі уақытта саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластыру маңызды екенін айтты.
Президенттің пікірінше, экономикалық байланыстар қазақ-оман серіктестігінің негізгі тірегіне айналуы керек.
– Қазақстан мен Оман кәсіпкерлерін серіктестік байланыс орнату, келешегі зор жобаларды пысықтау және инвестиция ауқымын кеңейту мақсатында Іскерлік кеңес мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырамын.
Қасым-Жомарт Тоқаев іскер топтардың белсенді үлесі экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Форумда сондай-ақ АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Oman Investment Authority президенті Абдулсалам бен Мұхаммед Әл-Муршиди сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz