Ғұмар Екпінұлы Серғазин «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры болып тағайындалды.

Ғұмар Серғазиннің атом саласындағы мемлекеттік басқару бағытында көп жылдық тәжірибесі бар.

Әр жылдары ол Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде басшылық қызметтер атқарды. 2017-2023 жылдары аталған комитет төрағасының орынбасары болды.

2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарды. Кейін Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ол жетекшілік еткен бағыттар қатарында атом саласын дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, физикалық ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау режимін сақтау мәселелері болды.

Ғұмар Серғазиннің кәсіби қызметінде атом саласындағы халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады.

Ол Қазақстан Республикасының ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясындағы ресми өкілі, АЭХА Халықаралық төмен байытылған уран банкінің үйлестіру комиссиясының тең төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан АЭХА ұлттық үйлестірушісі болып табылады.

Ғұмар Серғазиннің АЭХА-мен техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмысы кезеңінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, АЭХА-мен техникалық кооперация аясындағы қазақстандық жобалардың іске асырылу деңгейі айтарлықтай артты.

Оның тікелей қатысуымен атом энергетикасын, радиациялық қауіпсіздікті, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді және ядролық медицинаны дамытуға бағытталған жалпы құны 5,2 млн АҚШ долларын құрайтын 16 ұлттық жоба іске асырылды.

Сонымен қатар оның қолдауымен Қазақстанның 1000-нан астам маманы АЭХА оқу курстарына, семинарларға, ғылыми сапарларға және өзге де іс-шараларға қатысты.

Мемлекеттік басқару саласындағы практикалық қызметімен қатар Ғұмар Серғазин атом саласының заңнамалық және нормативтік базасын жетілдіруге де атсалысты.

Атап айтқанда, ол «Атом энергиясын пайдалану туралы», «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы», «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын әзірлеу жұмыстарына қатысты.

Тағайындау Қазақстанның атом саласы алдында жаңа ауқымды міндеттер тұрған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.

Ұлттық ядролық орталық Қазақстанның атом саласындағы стратегиялық нысандарының бірі ретінде атом энергетикасы, ядролық және термоядролық технологиялар қауіпсіздігі саласындағы зерттеулерді одан әрі дамытуға, ғылыми-техникалық базаны нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмысты жалғастырады.

Сондай-ақ орталық елдің атом саласындағы стратегиялық міндеттерін іске асыруға қатысады.

Ғұмар Серғазиннің басшылығымен атом энергетикасын дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайту, бұрынғы Семей сынақ полигонын экологиялық оңалту және Қазақстанның ядролық таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау бағытындағы ғылыми-техникалық жобалар жалғасады.

Сонымен қатар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға ерекше назар аударылады.

Бұл бағыт жинақталған және түзілетін радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылым мен ұйымдастыру тетіктерін құруды қамтиды.