17 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада отандық ғылымның жетістіктері қорытындыланып, алдағы жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму басымдықтары таныстырылды.

1946 жылы көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Академия еліміздегі ғылыми мектептердің қалыптасуы мен іргелі зерттеулердің дамуына елеулі үлес қосты.

Мерейтойлық жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік ғылым академияларының басшылары, қазақстандық және халықаралық ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері, бизнес өкілдері және жас зерттеушілер қатысты.

Қатысушыларға Академияның 80 жылдық тарихы мен негізгі жетістіктерін таныстыратын мультимедиалық бағдарлама ұсынылды. Оның ерекше бөліктерінің бірі Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасының көрсетілуі болды.

Президент Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарын құттықтады

Салтанатты жиынды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтауында Академияның Қазақстанның индустриялық, экономикалық және зияткерлік әлеуетін нығайтудағы тарихи рөлін атап өтті.

– Биыл бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда алғаш рет адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны өркендету мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді, – делінген құттықтауда.

Саясат Нұрбек өз сөзінде ғылымның экономиканы жаңғыртудағы, технологиялық тәуелсіздікті нығайтудағы және елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

2027 жылдан бастап ғылыми басымдықтардың жаңа моделін қолдану жоспарланған

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев мерейтойлық жиында негізгі бағдарламалық баяндама жасап, Академияның жаңа мәртебесі аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді таныстырды.

Оның айтуынша, негізгі мақсат – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты қажеттіліктерімен байланыстырып, оларды өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру.

Академияның бастамасымен өткізілген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессия нәтижесінде 220-ға жуық перспективалы міндет анықталған.

Осы жұмыстардың негізінде ғылыми басымдықтардың төрт деңгейлі моделі әзірленді. Үкімет қолдаған жаңа тәсілді 2027 жылдан бастап қолдану көзделіп отыр.

Модель технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға, іргелі зерттеулерді дамытуға және жаңа ғылыми құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар Академия су ресурстарын басқару, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызды минералдар, энергетикалық материалдар, ауыл шаруашылығы селекциясы және биотехнология салаларында ірі ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектіні енгізу және Qazaqstan AI for Science ұлттық зерттеу экожүйесін дамыту да басым міндеттердің қатарына енгізілген.

Ақылбек Күрішбаев ғылыми ұйымдардың дербестігін кеңейту, зерттеулерді ұзақмерзімді қаржыландыру және ғылыми нәтижелердің экономикалық тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

– Академияның сексен жылдығы – оның тарихи мұрасы мен жаңа жауапкершілігі тоғысқан маңызды белес, – деді ол.

Бес жас ғалымға тұрғын үй сертификаты табысталды

Мерейтой аясында ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін бес жас ғалымға Мемлекет басшысының атынан тұрғын үй сертификаттары табысталды.

Бұл қолдау жас зерттеушілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың ғылыми қызметін жалғастыруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сондай-ақ Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академияларының басшылары Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.

Қаныш Сәтбаев атындағы медаль алғаш рет табысталды

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен бірлесіп дайындалған «ҚР ҰҒА – 80 жыл» тарихи-құжаттық көрмесі таныстырылды.

Көрмеге Академияның қалыптасу кезеңдерін, белгілі ғалымдардың қызметін және ғылыми мектептердің дамуын көрсететін сирек архивтік құжаттар мен фотосуреттер қойылды. Олардың қатарында бұрын көпшілікке ұсынылмаған материалдар да бар.

Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдар Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңа ведомстволық марапаты – «Қаныш Сәтбаев» медалімен алғаш рет наградталды.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған жиын отандық ғылымның тарихи мұрасын таныстырумен қатар, ғылыми зерттеулерді экономикамен ұштастыру, инновациялық технологияларды дамыту және жас ғалымдарды қолдау жөніндегі алдағы міндеттерді айқындады.