Астанада мектеп оқушыларына суды үнемдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану дағдыларын үйретуге арналған интерактивті шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Aqua Lab білім беру бағдарламасы аясында балалар су сүзгілерін өздері құрастырып, зертханалық тәжірибелер жүргізуде.

Бағдарлама Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Жобаны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры ұйымдастырған.

Шеберлік сабақтарының негізгі мақсаты – оқушыларға судың маңызын түсіндіру, оны үнемдеу дағдыларын қалыптастыру және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауға үйрету.

Оқыту бағдарламасында теориялық мәліметтерден гөрі практикалық тапсырмаларға басымдық берілген.

Сабақтар «Су детективі» және «Жорық жағдайында су сүзгісін жасау» атты екі бағыт бойынша өткізіледі.

Оқушылар бұл сабақтарда суды сүзудің негізгі принциптерімен танысып, арнайы сүзгілерді өз қолдарымен құрастырады. Кейін дайын құрылғылардың жұмысын тәжірибе жүзінде тексереді.

Сонымен қатар балалар Aqua Lab зертханалық жабдықтарын пайдаланып, суға қатысты қарапайым ғылыми тәжірибелер жүргізеді.

Тәжірибелік жұмыстар барысында оқушылар өлшеу нәтижелерін тіркеп, алынған көрсеткіштерді салыстырады және өз бақылаулары бойынша қорытынды жасайды.

Мұндай оқыту тәсілі балалардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға және су ресурстары туралы білімдерін күнделікті өмірде қолдануына мүмкіндік береді.

Бағдарламаға қызығушылық танытқан оқушылар Aqua Lab үйірмесіне қатысып, зертханалық сабақтарын жалғастыра алады.

Интерактивті шеберлік сабақтары Астанадағы «Таным» көпфункционалды орталығында ұйымдастырылып жатыр.

Жобаға Coca-Cola компаниясы мен Астана қаласының Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру әдістемелік орталығы серіктес ретінде қолдау көрсетуде.

«Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулланың айтуынша, балаларға суды үнемдеу мәдениетін ерте жастан үйрету маңызды.

«Біз әр баланың алған білімін үйде де, мектепте де қолдана алуына мүмкіндік беру үшін практикалық оқытуға басымдық береміз. Балалар бойында суды үнемдеу дағдыларын неғұрлым ерте қалыптастырсақ, болашақ ұрпақтың еліміздің су ресурстарына деген жауапкершілігі де соғұрлым жоғары болады», – деді Қайратғали Хайрулла.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, тәжірибеге негізделген сабақтар оқушылардың су ресурстары туралы түсінігін кеңейтіп, суды ұқыпты пайдалану әдетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Aqua Lab бағдарламасы балалардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, ғылыми тәжірибелерге қызығушылығын дамытуға және су ресурстарын сақтаудың маңызын түсіндіруге бағытталған.