Қарағанды қаласының Таугүл және Күнгей шағынаудандарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Жоба аясында 201 шақырым газ құбыры тартылып, 4 940 жеке тұрғын үйді табиғи газға қосуға қажетті инфрақұрылым дайындалды.

Қарағанды қаласында Таугүл және Күнгей шағынаудандарын газдандыруға арналған газ тарату желілерінің құрылысы толық аяқталды. Жобаның алтыншы іске қосу кешені аясында жалпы ұзындығы 201 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Сонымен қатар, төрт газ реттеу пункті және 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының белсенді қатысуымен жүзеге асырылған жоба нәтижесінде 4 940 жеке тұрғын үйді табиғи газға қосуға мүмкіндік жасалды.

Бұдан бөлек, жаңа газ тарату желісіне әлеуметтік және қоғамдық нысандарды қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бір мектепті, бес балабақшаны, екі медициналық мекемені және төрт спорт секциясын табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген.

Жобаның жүзеге асырылуы Таугүл және Күнгей шағынаудандары тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік нысандардың табиғи газға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жалпы, биыл Энергетика министрлігі еліміздегі елді мекендерді газдандыру бойынша 40 жобаны жүзеге асырып жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.

Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін Қазақстандағы газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетуі тиіс. Осылайша, елімізде табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие азаматтар саны 13,2 миллионға дейін артады деп болжанып отыр.