Атом өнеркәсібіндегі әйелдердің әлеуеті: кәсіби даму, халықаралық ынтымақтастық және жаңа мүмкіндіктер
Атом өнеркәсібі мен жоғары технологиялық секторлардың дамуы тек технологиялық шешімдерге ғана емес, сонымен қатар адами капиталға, кәсіби білімге және халықаралық тәжірибе алмасуға байланысты. Осы бағытта әйелдердің кәсіби әлеуетін дамыту, олардың индустриядағы мүмкіндіктерін кеңейту және халықаралық кәсіби байланыстарды нығайту мәселелері барған сайын маңызды бола түсуде.
27 қарашада Астанада «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен III Халықаралық өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдер конгресі өтті. «Болашақ өнеркәсібіндегі әйелдер: диалогтан ортақ шешімдерге дейін» тақырыбындағы форум Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің атом энергетикасы, өнеркәсіп, ғылым, технология және білім беру салаларының өкілдерін біріктірді.
Конгресс «Атом саласының әйелдер қауымдастығы» әйелдер бастамаларын қолдау және дамыту қорының, Қазақстанның Ядролық қоғамы қауымдастығының және WiN Kazakhstan ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі жанындағы Еуразиялық әйелдер форумы кеңесі, Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы (AIDA) және Өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңес қолдау көрсетті.

Кәсіби әлеуетті дамыту — өнеркәсіптің болашағына инвестиция
Қазақстан атом энергетикасын дамытуда жаңа кезеңге қадам басып отыр. Алғашқы атом электр станциясының құрылысы, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіптік кооперация және технологияларды енгізу ұзақ мерзімді перспективада жаңа кәсіби құзыреттер мен кадрлық әлеуетке сұранысты арттырады.
Конгрестің пленарлық сессиясында энергетика саласындағы ірі жобалардың Еуразияның өнеркәсіптік және технологиялық болашағына ықпалы, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық перспективалары, өндірісті жергіліктендіру, мамандар даярлау және кәсіби қауымдастықтардың рөлі талқыланды.

Мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру инженерлер, технологтар, зерттеушілер, өндірістік мамандар, басқарушылар мен өзге де сала өкілдерінің білімі мен тәжірибесін біріктіруді талап етеді. Сондықтан әйелдердің кәсіби дамуына жағдай жасау, олардың білімін жетілдіруге, жаңа технологияларды меңгеруге және басқарушылық бағытта өсуіне мүмкіндік беру индустрияның кадрлық әлеуетін нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Конгресс аясындағы диалог әйелдердің өнеркәсіп пен энергетикадағы рөлін тек қатысу деңгейінде қарастырумен шектелмей, олардың кәсіби қабілеттерін жүзеге асыруға, тәжірибесін бөлісуге және саланың дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін ортаны қалыптастыру мәселесіне бағытталды.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының халықаралық жобалар бағытының директоры Марина Павловна Беляеваның айтуынша, өнеркәсіптің технологиялық трансформациясы әйелдердің экономикалық және кәсіби әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Бүгінде технологиялардың қарқынды дамуы, өндірісті цифрландыру мен автоматтандыру әйелдердің жоғары технологиялық салаларға кеңінен тартылуына ықпал етуде. Қазіргі таңда «Росатом» қызметкерлерінің 33 пайызын әйелдер құрайды. Бұл атом өнеркәсібіндегі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Корпорациядағы басшылардың 36 пайызы, ал жоғары басшылық буынындағы қызметкерлердің 20 пайыздан астамы — әйелдер. Біз әйелдердің кәсіби жетістіктерін нақты мысалдар арқылы көрсетіп келеміз. Мәселен, Марина Старовойтова әлемдегі атом мұзжарғышының алғашқы әйел капитаны атанды. Қазақстанда да атом өнеркәсібінің дамуымен осындай кәсіби жетістіктерге жететін әйелдер қатары арта түседі деп сенеміз, — деді Марина Беляева.
Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы жаңа саланың қалыптасуына, экономиканың алдағы ондаған жылдар бойы дамуына және ұзақ мерзімді адами капиталды қалыптастыруға негіз болады.
Жас мамандарға жол ашу: білім, тәлімгерлік және жаңа технологиялар
Атом энергетикасы мен өнеркәсіп салаларындағы кадрлық әлеуетті дамытуда жастарды, әсіресе технологиялық және инженерлік мамандықтарға қызығатын студенттерді қолдау маңызды бағыттардың бірі.

Конгресс бағдарламасында кәсіби білім беру, тәлімгерлік, әйелдердің STEM бағыттарына қатысуын кеңейту және жоғары технологиялық мамандықтарға қызығушылықты арттыру мәселелері қарастырылды. Бұл бағыттағы бастамалар студенттер мен жас мамандарға кәсіби бағдар алуға, саладағы тәжірибелі мамандармен байланыс орнатуға және болашақ мансабын жоспарлауға мүмкіндік береді.
26 қарашада конгресс аясында Women Tech Hackathon өткізілді. Хакатон қатысушылары өнеркәсіп пен технология салаларындағы практикалық міндеттерге бағытталған шешімдер әзірлеуге қатысты. Мұндай формат жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, командалық жұмыс, аналитикалық ойлау және инновациялық шешімдерді әзірлеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Қазақстанның атом және өнеркәсіп салаларындағы әйелдер қауымдастықтарымен ынтымақтастығымыз бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бастапқыда кәсіби тәжірибе алмасуға басымдық берсек, бүгінде бірлескен арнайы жобаларды жүзеге асыру кезеңіне өттік. Өткен жылы Women Career Lab пилоттық жобасы аясында Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік компанияларындағы жас мамандар алдағы үш жылға арналған жеке кәсіби даму бағыттарын айқындады. Биылғы технологиялық хакатон осы ынтымақтастықтың жалғасы болды. Оған 49 компаниядан 120 әйел қатысты. Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың жартысынан астамы өз кәсіпорындарын жетілдіруге, цифрландыруға, жасанды интеллектті енгізуге және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларға қатысып жүргені анықталды. Бұл әйелдердің технологияларға қызығушылық танытумен ғана шектелмей, өнеркәсіптің технологиялық трансформациясына тікелей атсалысып отырғанын көрсетеді. Бүгінде олар өз жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, экономиканың тұтас секторларының өзгеруіне ықпал етуде, — деп атап өтті Марина Беляева.

Сондай-ақ ол «Росатом» корпорациясында әйелдерді студенттік кезеңнен бастап қолдау мен кәсіби дамытудың кешенді жүйесі қалыптасқанын жеткізді. Бұл жүйе корпорация қызметкерлерін ғана емес, оның кәсіпорындары орналасқан және салынып жатқан өңірлердегі әйелдерді де қамтиды.
Атап айтқанда, Women in STEM халықаралық тәлімгерлік жобасы бүгінде түрлі елдерден мыңға жуық сарапшы мен мыңдаған студент қызды біріктіреді. Осы бағытта ресейлік жоғары оқу орындарымен қатар Үндістан мен Тунистің университеттерімен де ынтымақтастық орнатылған. Бағдарлама жас мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне, тәжірибе жинақтауына және мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталған.
Кәсіби ортаға ертерек араласу, тәлімгерлермен байланыс орнату және нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеу жастардың салаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ мамандарды даярлаудың тиімді тетіктерінің бірі бола алады.
Халықаралық кәсіби қауымдастық — тәжірибе мен мүмкіндіктерді біріктіретін алаң
Конгресстің маңызды бағыттарының бірі — әртүрлі елдердің әйелдер кәсіби қауымдастықтары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Түркия, Индонезия, Марокко, Тәжікстан, Сербия және басқа елдердің өкілдері қатысқан кездесулерде кәсіби байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және білім беру бастамаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Халықаралық кәсіби қауымдастықтар мамандардың өзара байланысын кеңейтуге, әртүрлі елдерде қалыптасқан тәжірибелерді зерделеуге және ортақ жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, атом энергетикасы, ғылым, медицина, инженерия және цифрлық технологиялар сияқты жоғары біліктілік талап ететін салаларда кәсіби желілердің рөлі ерекше.
Бүгінде біз 50-ден астам елмен әйелдерді қолдау және дамыту бағытында халықаралық ынтымақтастық орнатып отырмыз. Осы жұмыстың маңызды негіздерінің бірі — үш жылдан астам уақыт бұрын «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бастамасымен құрылған Өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңес. Қазіргі уақытта кеңес 21 елдің өкілдерін біріктіреді. Оның аясында біз Латын Америкасынан Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі елдердің әйелдер кәсіби қауымдастықтары үшін әйелдерді қолдау мен дамытудың үздік тәжірибелерін қамтитын алғашқы халықаралық шолуды — «Ақ кітапты» әзірледік. 20 елдің сарапшылары 400-ден астам тәжірибені зерделеп, олардың 250-ін үздік деп таныды. Бұл тәжірибелер кәсіпорындар, салалар және мемлекеттер деңгейінде жүзеге асырылып келеді. Аталған жұмыс әр елдің қажеттіліктерін ескере отырып, әйелдердің экономикаға қатысуын кеңейтуге және технологиялық сектордағы әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз болады, — деді Марина Беляева.
Оның сөзінше, халықаралық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — ғылым мен өнеркәсіп өкілдерінің басын біріктіретін сараптамалық алаңдар құру. Мұндай алаңдар әйелдерге кәсіби тәжірибе алмасумен қатар, пәнаралық технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін серіктестер табуға, ғылыми және академиялық қауымдастық өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Конгресс аясындағы халықаралық диалог әйелдердің кәсіби байланыстарының географиялық шекарадан тыс кеңеюіне, өзара қолдау мен тәлімгерлік тетіктерінің дамуына және салалық бастамалардың жаңа деңгейге шығуына бағытталған.

Цифрландыру және болашақ мамандықтар
Өнеркәсіптің трансформациясы, цифрлық технологиялардың енгізілуі және жасанды интеллекттің дамуы мамандарға қойылатын талаптарды өзгертіп келеді. Бұл өзгерістер кәсіби білімді үздіксіз жаңартуды, жаңа дағдыларды меңгеруді және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуді қажет етеді.
Конгресс бағдарламасындағы цифрландыру және кадр даярлау сессиясында онлайн-білім беру, цифрлық тренажерлер, жасанды интеллект, автоматтандыру және цифрлық бақылау құралдарының өнеркәсіп пен атом энергетикасындағы мүмкіндіктері қарастырылды.
Цифрлық технологиялар кәсіби білім алу мен қайта даярлау жолдарын кеңейтіп, жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістік процестерді автоматтандыру мен қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру еңбек жағдайларын жақсартуға және технологиялық салалардағы кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Бұл ретте әйелдердің цифрлық және инженерлік құзыреттерін дамыту, кәсіби қайта даярлау бағдарламаларына қатысуын қолдау және технологиялық өзгерістерге бейімделуіне жағдай жасау индустрияның болашақтағы кадрлық тұрақтылығы үшін маңызды.
Жасанды интеллектті енгізу мен өндірісті автоматтандыру дәстүрлі еңбек жағдайларын өзгертіп, әйелдер үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашуда. Соңғы үш жылда бірқатар елде, соның ішінде Ресейде де әйелдерге тыйым салынған мамандықтар тізімі едәуір қысқарды. Бұл да өнеркәсіптің технологиялық трансформациясының нәтижесі. Алайда кәсіби даму және тәлімгерлік бағдарламаларын әзірлеумен ғана шектелуге болмайды. Қыздардың ғылымға, инженерияға және технологияларға деген шынайы қызығушылығын ояту маңызды. Ауқымды жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру ұзақ мерзімді адами капиталды қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан болашақ жобаларға қажетті мамандарды даярлауды бүгіннен бастауымыз қажет. Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығымен (AIDA) жасалған келісім инженерлік-техникалық және болашақ мамандықтарды дәріптеуге, кәсіби және мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпараттандыруға, сондай-ақ қазақстандық қыздар мен әйелдерді өнеркәсіп пен технология салаларына тартуға бағытталған бірлескен жұмыстың негізін қалады, — деп атап өтті Марина Беляева.
Диалогтан ортақ бастамаларға
Конгресс жұмысы Өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңестің отырысымен жалғасты. Отырыста Қазақстанның 2026 жылғы төрағалығының қорытындысы шығарылып, кеңестің жұмыс бағыттары бойынша нәтижелер қарастырылды.
Кеңес жұмысы әйелдер кәсіпкерлігі, ғылым, STEM бағыттары және әйелдер көшбасшылығы салаларындағы бастамаларды қамтиды. Сонымен қатар Women Tech Hackathon, «Атлас женских профессий в промышленности будущего» жобасы және 2027 жылға арналған халықаралық ынтымақтастық жоспарлары талқыланды.

Марина Беляева халықаралық кеңес жұмысының географиясын кеңейтуге де ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, кеңес жұмысына БРИКС, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жаңа өкілдерін тарту жоспарланып отыр. Бұл халықаралық тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге және әйелдердің кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекетаралық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Астанада өткен III Халықаралық өнеркәсіп пен технология саласындағы әйелдер конгресі кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң ретінде әртүрлі елдердің мамандарын біріктірді.
Әйелдердің кәсіби әлеуетін қолдау, жас мамандарға мүмкіндік беру, білім мен технологияларды меңгеру жолдарын кеңейту және халықаралық кәсіби байланыстарды нығайту — өнеркәсіп пен технология салаларының тұрақты дамуының маңызды бағыттары. Осындай бастамалар кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтіп, индустрияның болашағына қажетті білім, тәжірибе және адами капиталды дамытуға жол ашады.