Алматы қаласының әскери қызметшілері елге сыйлы әнші, қазақ мәдениетінің анасы әрі әлемге әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегенованы Жеңіс күнімен құттықтап, қуаныш сыйлады.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі аты аңызға айналған Бибігүл Төлегенованы ерекше күнмен құтықтаған сәулелі сәттердің фотосуретін бөлісті. Әскери қызметшілер әншіге гүл шоқтары мен ұлт қаһарманы, рухты батыр Бауыржан Момышұлы хақындағы кітапты сыйға тартқан.

Бибігүл Ахметқызы әскери қызметшілерге алғыс айтып, жауынгерлерді Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күнімен құттықтады.

Сонымен қатар, Қазақ еліне ақ тілегін айтып, көпке батасын берді:

— Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін бүгінгі әлемде өмір сүріп жатқан ардагерлер мен олардың отбасыларына құрмет пен ыстық ықыласымды білдемін. Қазақстан халқы соғыс деген сөзді ешқашан білмесін, — деп тілек тіледі ардагер әнші.

Орайы келгенде айта кетейік, Бибігүл Төлегенова — қазақтың бағына біткен ерекше әнші, Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, көптеген мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Астана, Семей, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Сонымен қатар белгілі өнер иесі Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Қазақ КСР Халық әртісі, Ленин орденінің иегері, екінші рет Ленин орденінің иегері мен «Социалистік Еңбек Ері», «Еңбек ардагері» медалі мен «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалінің иегері, «Алтын барыс» атты ҚР Президентінің жеке Алтын белгісімен марапатталған. Оған қоса  ұлттық өнерге қосқан ерекше үлесі үшін Отан орденінің иегері атанды. Ал музыкаға қосқан үлесі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстанның музыка өнеріне қосқан үлесі номинациясы бойынша «Жыл адамы» атағын алды. Қазақстан Жұлдыздар аллеясында Жеке жұлдызға ие болды.

Екі мәрте Мәдениет саласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Мемлекеттік стипендиясының иегері, Республиканың мәдениеті мен музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Аталғандардан бөлек бірнеше Мемлекеттік және Үкіметтік марапаттарға ие.