2027 жылғы 7–8 маусымда Алматыда GITEX AI Kazakhstan халықаралық технологиялық көрмесі екінші рет өтеді. Іс-шара жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, энергетика және өнеркәсіп салаларына халықаралық инвестициялар тартуға, сондай-ақ Қазақстанның Еуразиядағы технологиялық орталық ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.

Көрме Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында ұйымдастырылады. Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, Astana Hub пен Алматы қаласы әкімдігінің серіктестігі аясында өтеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Орталық Азия мен Кавказ өңірінде жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алып келеді.

Statista болжамы бойынша, өңірдегі IT-қызметтер нарығының көлемі 2029 жылға қарай 5,6 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Қазақстанда да ақпараттық технологиялар экспорты айтарлықтай өскен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің IT-қызметтер экспорты алғаш рет 1 миллиард доллардан асып, 1,142 миллиард долларға жетті. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 миллион долларды құраған. Осылайша бес жыл ішінде экспорт көлемі шамамен 34 есе ұлғайған.

GITEX AI Kazakhstan көрмесінің алғашқы іс-шарасы 2026 жылы ұйымдастырылды. Екі күнге созылған көрмеге 86 елден 334 компания мен стартап қатысып, келушілер саны 12 мың адамға жетті.

Іс-шараны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын. Көрме аясында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

2027 жылы GITEX AI Kazakhstan бағдарламасын кеңейту жоспарланып отыр. Қатысушыларға технологиялық компаниялар мен инвесторлар арасындағы іскерлік кездесулердің жаңа мүмкіндіктері және бес тақырыптық экспозиция ұсынылады.

Олар – GITEX SuperComputeX, GITEX New EnergyX, GITEX RobotiX, GITEX Cyber Valley және GITEX Intelligent Cities x Connectivity.

Бұл бағыттар суперкомпьютерлік есептеу қуаттарын, жаңа энергетикалық технологияларды, роботтехниканы, киберқауіпсіздікті, интеллектуалды қалаларды және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған.

Көрмеге мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық технологиялық компаниялар, инвесторлар мен стартап негізін қалаушылар қатысады деп күтілуде.

GITEX AI Kazakhstan 2027 бағдарламасының негізгі бағыттары Алматыда өткен нетворкинг-кездесуде таныстырылды. Жиында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялар тарту және жаңа технологиялық нарықтарға шығу мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің цифрлық трансформациясындағы негізгі міндеттерге тоқталды.

«Қазақстандағы жасанды интеллект трансформациясының келесі кезеңі – ЖИ енгізумен ғана шектелмей, оның ауқымды қолданылуына қажет есептеу қуаттары, энергетика, цифрлық байланыс, білікті мамандар, реттеу тетіктері мен капитал сияқты барлық негізді қалыптастыру. Қазақстан бұл негізді бүгіннен бастап қалыптастыруда», – деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы даму бағытын айқындайды. Ал GITEX AI Kazakhstan сияқты халықаралық іс-шаралар отандық технологиялық экожүйені әлемдік компаниялармен және инвесторлармен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамыту жоспарларының қатарында «Цифрлық Жібек жолы» жобасы да бар.

Бұл бастама дата-орталықтарды, ғарыштық есептеу жүйелерін, спутниктерді және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін кешенді инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

Жоба аясында Қазақстан мен Әзербайжанды Каспий теңізінің түбі арқылы байланыстыратын ұзындығы 380 шақырымдық суасты телекоммуникациялық кабелі қарастырылған.

Сонымен қатар елімізде ірі есептеу қуаттарын қалыптастыру жоспарланып отыр. NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған, құны 10 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісім аясында Екібастұздағы дата-орталықтар алқабында шамамен 100 мың графикалық процессорға (GPU) арналған суперкомпьютерлік инфрақұрылым құру көзделген.

Қазақстанның технологиялық экожүйесі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Astana Hub құрамында 2 мыңнан астам компания бар. 2025 жылы технопарк қатысушыларының IT-қызметтер экспорты 633,8 миллион АҚШ долларын құраған.

Халықаралық зерттеулер де жасанды интеллектінің өңір экономикасына ықтимал әсерін көрсетеді.

Google тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеуге сәйкес, генеративті жасанды интеллект алдағы он жылда Қазақстан, Әзербайжан, Армения және Грузия экономикаларына жыл сайын 12–15 миллиард доллар көлемінде қосымша экономикалық өсім әкелуі мүмкін. Бұл аталған мемлекеттердің жиынтық жалпы ішкі өнімінің шамамен 4 пайызына тең.

KPMG деректері бойынша, өңірдегі компаниялардың 53 пайызы жасанды интеллект технологияларын ауқымды түрде енгізген. Ал әлемдік орташа көрсеткіш 24 пайызды құрайды.

Зерттеу нәтижелерінде бизнес шешімдерін қабылдау барысында жасанды интеллект ұсынымдарына сенім білдіретін қазақстандық компаниялардың үлесі 86 пайызға жететіні көрсетілген.

GITEX бас директоры Трикси Ло Мирманд Орталық Азия мен Кавказ елдері жасанды интеллектіні болашақтағы мүмкіндік ретінде ғана қарастырудан нақты жобаларды жүзеге асыру кезеңіне өткенін атап өтті.

Оның айтуынша, өңір мемлекеттері жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға қажетті есептеу қуаттарын, энергетикалық инфрақұрылымды, кадрлық әлеуетті және нормативтік-құқықтық негізді қалыптастыруға кіріскен.

«GITEX AI Kazakhstan осы үдерістің барлық буынын біріктіріп, өңірлік басымдықтарды инвестиция тартуға тартымды жобаларға, коммерциялық келісімдерге және қалаларда, өнеркәсіпте әрі өңір экономикасында қолданылатын технологияларға айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Трикси Ло Мирманд.

Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, GITEX AI Kazakhstan 2027 жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, үлкен деректер, SaaS шешімдері, энергетика, киберқауіпсіздік және телекоммуникация бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған алаң болады.

Көрменің екінші рет өткізілуі Қазақстанның технологиялық жобаларын халықаралық нарыққа таныстыруға, жаңа инвестициялық серіктестіктер қалыптастыруға және жасанды интеллектіні экономика салаларына енгізуді жеделдетуге бағытталған.