Қазақстанның үш университеті COP31 климат саммитінде алты ғылыми жобасын таныстырды
Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) қазақстандық жоғары оқу орындарының алты инновациялық жобасы таныстырылды. Ғылыми әзірлемелер климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналған.
9–20 қараша аралығында өтетін халықаралық конференцияға әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Саммит аясында Қазақстанның ұлттық павильоны жұмыс істейді. Онда мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялардың жобаларымен қатар, еліміздің үш жоғары оқу орнының ғылыми әзірлемелері ұсынылған.
Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық қауымдастыққа алты инновациялық жобасын таныстырды.

Университет өкілдері қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді ғылыми жолмен шешу және климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттарындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Сонымен қатар COP31 конференциясы аясында «Су мұнаралары саласындағы серіктестік: криосфераны зерттеуден Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға дейін» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің бағдарлама менеджері Лариса Когутенко, сондай-ақ жоғары оқу орындарының өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Панельдік сессия барысында Орталық Азиядағы мұздықтардың жай-күйі, су ресурстарын басқару, климаттық тәуекелдерді төмендету және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген Динара Щеглова Қазақстанда гляциология, криосфераны зерттеу және су ресурстарын басқару салаларында жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл зерттеулер климаттың өзгеруінің табиғи ресурстарға әсерін бағалауға және өңірдің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
«Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулерге отандық ғылыми және білім беру ұйымдары елеулі үлес қосып келеді. Олардың қатарында ЮНЕСКО қамқорлығындағы екінші санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы, География және су қауіпсіздігі институты, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті және басқа да ғылыми ұйымдар бар», – деді Динара Щеглова.
Вице-министрдің мәліметінше, аталған ұйымдар іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мұздықтардың жай-күйіне мониторинг жасайды, климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсерін зерттейді және суды тиімді басқарудың ғылыми негізделген тәсілдерін әзірлейді.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Қазақстанда су ресурстарын қорғау, оларды ұтымды пайдалану және мұздықтарды зерттеу бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Ол елімізде қабылданған жаңа Су кодексінің негізгі міндеттерін түсіндірді.
«Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі қабылданды. Құжат су қорын қорғауға, су ресурстарының сарқылуының алдын алуға, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалануға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған», – деді Мансұр Ошурбаев.
Сонымен қатар вице-министр Алматы қаласында ЮНЕСКО қамқорлығымен жұмыс істейтін Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметіне назар аударды.

Аталған орталық таулы аймақтардағы қар жамылғысы мен мұздықтардың жай-күйін, сондай-ақ еріген қар суларының ағынын зерттеумен айналысады.
Бұл зерттеулер Орталық Азия елдері үшін маңызды су ресурстарының өзгеруін бағалауға және климаттық тәуекелдерді ғылыми негізде талдауға мүмкіндік береді.
Панельдік сессия барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, табиғи экожүйелерді сақтау, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Қатысушылар бірлескен ғылыми жобаларды дамыту, халықаралық зерттеу ынтымақтастығын кеңейту және Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті нығайту бағыттарын да талқылады.
Қазақстандық университеттердің COP31 конференциясына қатысуы отандық ғылыми әзірлемелерді халықаралық деңгейде таныстыруға, зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға және климаттық мәселелерді шешуге бағытталған жаңа әріптестік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы Түркияның Анталия қаласында 2026 жылғы 20 қарашаға дейін жалғасады.