Қазақстанда плацента мен кіндік бауының дің жасушалары негізінде жаңа биомедициналық өнім әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар отандық мамандар онкологиялық ауруларды молекулалық-генетикалық деңгейде диагностикалаудың заманауи әдістерін енгізуде.

Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулерді «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ мамандары жүзеге асырып жатыр.

Дің жасушалары негізінде биомедициналық өнім әзірлеу жұмыстары 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама аясында жүргізілуде.

Зерттеу барысында ғалымдар плацента мен кіндік бауынан алынған дің жасушаларының биологиялық қасиеттерін, олардың қабыну процестерін реттеу және тіндерді зақымданудан қорғау мүмкіндіктерін зерделеуде.

Сонымен қатар мамандар жасушалық өнімнің биологиялық қасиеттерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін лиофилизация технологиясын әзірлеп жатыр.

Бұл технология өнімді сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, оның қасиеттерін ұзақ мерзім бойы тұрақты ұстауға бағытталған.

Ғалымдар болашақта әзірленіп жатқан биомедициналық өнімді қант диабеті, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі, аутоиммундық аурулар, бедеулік және жұлынның зақымдануы кезінде қолдану мүмкіндігін қарастыруда.

Алайда аталған бағыттар әзірге ғылыми зерттеу және әзірлеу кезеңінде. Өнімнің клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі жөніндегі түпкілікті нәтижелер туралы ақпарат берілген жоқ.

Ұлттық ғылыми медициналық орталықта онкологиялық ауруларды ерте анықтау және емдеу тәсілдерін жекелендіру бағытында да зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, мамандар шамамен 1000 генді талдауға мүмкіндік беретін ДНҚ-микрочиптер мен жаңа буын секвенирлеу (NGS) технологиялары негізіндегі молекулалық-генетикалық диагностиканы дамытуда.

Бұл технологиялар онкологиялық аурулар кезінде пайда болатын генетикалық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Генетикалық зерттеу нәтижелері дәрігерлерге ісіктің молекулалық ерекшеліктерін бағалауға және емдеу тәсілдерін әр пациенттің жағдайына қарай таңдауға көмектесе алады.

Мұндай әдістерді енгізу онкологиялық ауруларды диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге және дербестендірілген медицина бағытындағы жұмыстарды дамытуға арналған.

Сонымен қатар орталық мамандары аутоиммундық аурулардың генетикалық және иммунологиялық ерекшеліктерін зерттеумен айналысуда.

Ғалымдар семіздік пен Крон ауруын емдеуге бағытталған жаңа дәрілік препараттардың халықаралық клиникалық зерттеулеріне де қатысып жатыр.

Бұл жұмыстар жаңа емдеу әдістері мен медициналық технологияларды зерттеуге, халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға және отандық медицинаның зерттеу әлеуетін арттыруға бағытталған.

Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми зерттеулер нәтижесінде алынған әзірлемелерді клиникалық тәжірибеге енгізу процесін жеделдету.

Жүргізіліп жатқан зерттеулер алдағы уақытта ауруларды диагностикалаудың жаңа тәсілдерін дамытуға, емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстандағы инновациялық медициналық технологиялардың қолданысын арттыруға негіз болмақ.