Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 1000 төсекке есептелген бес көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Жаңа медициналық мекемелер Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Қаскелең қалаларында бой көтермек.

Әр аурухана 200 төсекке есептелген. Жобалардың негізгі мақсаты – өңірлердегі балаларға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және заманауи денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту.

Жаңа медициналық нысандарды салу мәселелері Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратовтың Азия даму банкі (АДБ) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) өкілдерімен кездесуінде талқыланды.

Жиында өңірлердегі балалар медицинасының қазіргі жағдайы, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері қарастырылды.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа ауруханалар балалардың мамандандырылған медициналық көмек алу үшін басқа өңірлерге бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

«Біздің басты міндетіміз – баланың қай өңірде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық көмектің барлығына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа ауруханалар өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларды емдеу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Тимур Муратов.

Кездесу барысында Алматы қаласында қосымша 500 төсектік республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мүмкіндігі де талқыланды.

Бұл нысан бес өңірлік ауруханадан бөлек жоба ретінде қарастырылып отыр. Оны жүзеге асыру мәселесі әзірге пысықталу кезеңінде.

«Алматы қаласында 500 төсектік республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мәселесін қарастырып жатырмыз және сіздермен әріптестік орнату мүмкіндіктерін пысықтаудамыз», – деді вице-министр.

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспарланған жобаларды жүзеге асыруға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, жобалық құжаттаманы әзірлеу, қаржыландыру тетіктерін айқындау және халықаралық қаржы институттарымен ықтимал ынтымақтастық бағыттарын нақтылау мәселелері қарастырылуда.

Кездесуде медициналық көмекті жоспарлау мен ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге бағытталған HOPE техникалық көмек жобасына да назар аударылды.

Аталған бастама Қазақстандағы денсаулық сақтау қызметтерін жоспарлау және ұйымдастыру тетіктерін дамытуға бағытталған.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық бағдарламаны дайындау және жобаларды жүзеге асырудың келесі кезеңдерін айқындау жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Балалар ауруханалары желісін кеңейту Президенттің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жоспарланып отыр.

Жаңа медициналық мекемелердің ашылуы өңірлердегі балаларға тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы әрі мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Әзірге ауруханалардың құрылысына бөлінетін қаржы көлемі мен нысандарды пайдалануға беру мерзімдері нақтыланған жоқ.