Қазақ тілі Женевадағы жаһандық жасанды интеллект форумында 20 тілдің қатарына енді
Женевада өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жасанды интеллект пен зияткерлік меншік мәселелеріне арналған бірінші жаһандық форумында қазақ тілі алғаш рет жасанды интеллект негізіндегі субтитрлеу жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар халықаралық жиынға Қазақстан өкілі төрағалық етті.
9–10 қараша күндері Швейцарияның Женева қаласында ұйымдастырылған форумның жұмысына Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев жетекшілік етті.
Халықаралық іс-шараға ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттердің министрлері, мемлекеттік ведомство басшылары, халықаралық сарапшылар және жетекші технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Форум барысында жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына байланысты зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, қатысушылар авторлық және патенттік құқықтарды сақтау, ғылым мен инновация салаларында жаңа технологияларды пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық аспектілеріне назар аударды.
Талқыланған маңызды мәселелердің бірі – адамның дауысын, бейнесін және цифрлық бірегейлігін қорғау.
Жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктері кеңейген сайын адамның жеке деректері мен шығармашылық еңбектерін құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Форум аясындағы маңызды жаңалықтардың бірі қазақ тілінің жасанды интеллект негізіндегі тәжірибелік субтитрлеу жүйесіне қосылуы болды.
Қазақ тілі алғаш рет аталған жүйе қолдайтын 20 тілдің қатарына енгізілді. Бұл қазақстандық мамандарға форумдағы халықаралық пікірталастарды мемлекеттік тілде нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді.
Аталған бастама Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігінің ұсынысы және ДЗМҰ Хатшылығымен келісу нәтижесінде жүзеге асырылды.
Қазақ тілінің халықаралық форумда жасанды интеллект арқылы субтитрленуі мемлекеттік тілдің цифрлық технологиялардағы қолданылу аясын кеңейту тұрғысынан маңызды қадам болды.
Сонымен қатар Қазақстан өкілінің форумға төрағалық етуі елдің жасанды интеллект пен зияткерлік меншік мәселелеріне арналған халықаралық талқылауларға қатысуына мүмкіндік берді.
Жиын барысында Қазақстан жасанды интеллект пен зияткерлік меншік саласындағы тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстыру мүмкіндігіне ие болды.
Женевадағы форум жасанды интеллект дәуіріндегі авторлық құқықтарды қорғау, цифрлық бірегейліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инновациялық технологияларды жауапты пайдалану мәселелері бойынша халықаралық пікір алмасу алаңына айналды.