Түркістанда 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының жобасы таныстырылды
Түркістан қаласында кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық әдебиетті насихаттау және отандық кітап индустриясын қолдау мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
«Кітап оқитын ұлт: оқу мәдениетін дамыту жолдары» тақырыбындағы жиын «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.
Семинар Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында өткізілді.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен мәдениет саласының өкілдері, кітапхана мамандары, ақын-жазушылар, журналистер және баспагерлер қатысты.

Кездесу барысында қоғамда кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру, тұрғындардың әдеби шығармаларға қызығушылығын арттыру және кітапқа қолжетімділікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар отандық кітап индустриясын дамыту, қазақстандық авторлардың шығармашылығын қолдау және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау бағыттары қарастырылды.

Семинарға қатысушыларға «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берілді.
Жиынның маңызды бөліктерінің бірі – 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы жобасының таныстырылымы болды.
Аталған құжатта отандық қаламгерлер мен баспаларды қолдау, кітапханалардың жұмысын жаңғырту және қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру шаралары көзделген.
Тұжырымдама жобасы кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелеуді және әдебиет пен кітапхана саласындағы жұмысты жетілдіруді қарастырады.

Семинарда көтерілген мәселелер кітаптың қоғам өміріндегі рөлін арттыруға, ұлттық әдебиеттің танымалдығын кеңейтуге және оқырмандар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталды.
Түркістанда өткен жиын мемлекеттік органдар, мәдениет мекемелері, кітапханалар мен баспа саласы өкілдерінің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі ортақ міндеттерді талқылауына мүмкіндік берді.