Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу мәселесі талқыланды
Қазақстанда жылына 5 млрд текше метрге дейін газ өңдеуге қауқарлы Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобасы бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика министрлігінде өткен кеңесте нысанның құрылысына қатысты техникалық және коммерциялық мәселелер қаралды.
Жиын Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың төрағалығымен өтті.
Кеңеске «QazaqGaz» ұлттық компаниясының, Қарашығанақ жобасы акционерлерінің, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің және Өкілетті органның (PSA) өкілдері қатысты.
Кездесу барысында газ өңдеу зауытын жобалаудың бастапқы кезеңіндегі жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.
Атап айтқанда, газ құбырын салу, оны қосу нүктесін анықтау және шикі газды есепке алу жүйесін ұйымдастыру мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар жобаны жүзеге асыруға қажетті коммерциялық шарттарды келісу барысын қарастырды.

Олардың қатарында шикі газды тасымалдау қызметтерін көрсету туралы келісім (Evacuation Service Agreement), аталған қызмет үшін төлемақы мөлшері (Evacuation Service Fee) және шикі газды беру шарттары бар.
Бұл мәселелерді келісу зауыттың алдағы жұмысына қажетті техникалық және коммерциялық тетіктерді айқындау үшін маңызды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобасының жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.
Ведомство жобаның қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, туындайтын техникалық және коммерциялық мәселелердің уақтылы шешілуіне басымдық беріп отыр.
Жоспарланған кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаттылығы 5 млрд текше метрге дейін жетуі тиіс.

Қазіргі уақытта жоба бастапқы жобалау және келісу кезеңінде. Зауыт құрылысының басталу және аяқталу мерзімдері туралы нақты ақпарат берілген жоқ.
Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлескен жұмысты жалғастырып, Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасын одан әрі ілгерілетуді қамтамасыз етпек.