Қазақстанда бизнеске арналған 12 мемлекеттік қызмет бойынша рұқсаттар автоматты түрде беріледі
Қазақстанда кәсіпкерлерге лицензиялар мен рұқсаттар беру рәсімі автоматтандырылып жатыр. Бұрын 15–30 күнге дейін созылған кейбір мемлекеттік қызметтер бойынша шешім енді ақпараттық жүйелер арқылы лезде қабылданады. Қазіргі уақытта бұл тетік бизнеске арналған 12 мемлекеттік қызметте қолданылады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жаңа тәсіл мемлекеттік деректер базаларын біріктіру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету нәтижесінде енгізілген.
Бұрын кәсіпкерлер жекелеген лицензиялар мен рұқсаттарды алу үшін қажетті құжаттарды жинап, мемлекеттік органдарға тапсырып, тексеру нәтижесін бірнеше апта күтуге мәжбүр болатын.
Енді автоматтандырылған қызметтер бойынша электрондық өтініш беру жеткілікті. Ақпараттық жүйе қажетті мәліметтерді мемлекеттік деректер базаларынан өздігінен алып, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
Барлық шарт орындалған жағдайда жүйе мемлекеттік орган қызметкерінің қатысуынсыз оң шешім қалыптастырады. Бұл рәсім алдын ала бекітілген бірыңғай қағидалар негізінде жүзеге асырылады.
Министрліктің түсіндіруінше, мұндай тәсіл электрондық үкіметтен цифрлық мемлекетке көшудің нақты мысалдарының бірі саналады. Себебі бұл жағдайда өтініш қабылдау ғана емес, шешім қабылдау процесінің өзі де цифрландырылады.
Автоматтандыруды енгізу үшін мемлекеттік органдар әкімшілік рәсімдерді қайта қарап, артық талаптарды қысқартқан. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау және шешім қабылдау қағидаларын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілген.
Жаңа жүйе кәсіпкерлерге қызметін жылдам бастауға, құжат рәсімдеуге жұмсалатын уақытты қысқартуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрайымы Айнұр Юсупованың айтуынша, цифрландырудың тиімділігі ақпараттық жүйелердің санымен емес, азаматтар мен бизнес үшін қол жеткізілген нақты нәтижелермен бағалануы тиіс.
Біздің міндетіміз – кәсіпкер мемлекетте бар мәліметтерді қайта жинап, қолмен тексеруді күтуге мәжбүр болмайтын мемлекеттік қызметтер моделін қалыптастыру. Егер шешімді шынайы цифрлық деректер мен нақты талаптар негізінде қабылдауға болса, ол автоматты түрде қабылдануы тиіс, – деді Айнұр Юсупова.
Оның сөзінше, мұндай өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсетуді жеделдетумен қатар, адами фактордың ықпалын азайтып, әкімшілік рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта шешімдерді автоматты түрде қабылдау тетігі құрылыс, ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салаларда қолданылып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдан бері eLicense.kz порталы арқылы автоматты тексеру және шешім қабылдау тетігімен 87 088 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Бүгінде бұл мүмкіндік бизнеске арналған 12 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді. Аталған қызметтерде өтініштерді қарау және талаптарға сәйкестігін тексеру адамның тікелей қатысуынсыз жүргізіледі.
Алдағы уақытта автоматтандырылған шешім қабылдау қағидатын басқа да мемлекеттік қызметтерге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Бұл тәсіл қажетті мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алуға және шешімді нақты белгіленген талаптар негізінде қабылдауға болатын қызметтерге қолданылмақ.
Осылайша, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға, лицензиялар мен рұқсаттарды алу мерзімін қысқартуға және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге бағытталған.