Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Қаныш Сәтбаев және білімді ұлт» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми және рухани мұрасын насихаттау, студенттердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру және жастардың зияткерлік дамуына қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кездесуге ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер және жобаның Астана қаласындағы өкілдері қатысты. Олар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны сақтау және білімді ұрпақ тәрбиелеу жөнінде пікір алмасты.

Іс-шараны ұйымдастырып, жүргізген Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Астана филиалы «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қанағат Алтайбекова кітаптың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

«Кітап – адамзаттың ең асыл қазынасы. Технология қарыштап дамығанмен, осы заманда кітаптың алар орны зор. Ол – біздің рухани азығымыз, өткені мен бүгініміздің алтын көпірі», – деді Қанағат Алтайбекова.

Оның айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» бастамасы мәдени жобамен ғана шектелмей, қоғамның интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі саналады.

Жиында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Ә. Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының директоры, профессор Қасым Елемесов те сөз сөйледі.

Ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған кезеңде дәстүрлі кітап оқудың құндылығын сақтау қажеттігін атап өтті.

Профессор өзінің кітап оқу тәжірибесімен бөлісіп, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын бірнеше рет оқығанын және әр жолы шығармадан жаңа ой түйгенін жеткізді.

Сонымен қатар Қасым Елемесов Сәтбаев университетінің түлектері қатарында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ілияс Есенберлин мен Иран Ғайыптың бар екенін еске салды.

«Кітап ешқашан өзінің құндылығын жоғалтпайды», – деді профессор.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының Астана қаласындағы жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев академик Қаныш Сәтбаевтың қазақ ғылымын дамытуға қосқан үлесі туралы баяндады.

Ол жастардың білім алуға, үздіксіз ізденуге және кітап оқуға ұмтылуының маңызын атап өтті.

Сондай-ақ «Кітап оқу» марафоны аясында ұсынылған туындылардың бірі – америкалық жазушы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» романы талқыланды. Қатысушылар шығармадағы кітаптың, білімнің және еркін ойлаудың құндылығына қатысты идеяларға назар аударды.

Дөңгелек үстел барысында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Астана филиалының студенттері академиктің өмірі мен ғылыми қызметіне арналған баяндамалар жасады.

Атап айтқанда, «Қаныш Сәтбаев және білімді ұлт», «Сәтбаев мұралары және білімді ұрпақ мәселелері», «Қаныш және ғылыми майдан», «Бір кітап – мың ой» тақырыптары бойынша ой-пікірлер ортаға салынды.

Студенттер Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жетістіктерін, оның ұлттық ғылымның қалыптасуына қосқан үлесін және ғылыми мұрасының жас ұрпақ үшін маңызын талқылады.

Іс-шара соңында оқытушылар мен студенттер арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар кітап оқудың тұлғалық және кәсіби дамуға, ғылыми дүниетанымды қалыптастыруға ықпалы жөнінде өз көзқарастарын білдірді.

Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылды.

«Қаныш Сәтбаев және білімді ұлт» атты дөңгелек үстел студенттердің кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ұлттық ғылыми және әдеби мұраны дәріптеуге, сондай-ақ білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың бірі болды.