Астанада алғаш рет Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) халықаралық әдістемесі бойынша ұлттық жаттықтырушыларды даярлау курсы өтті. Бағдарламаға іріктеуден өткен 12 тәжірибелі гид пен экскурсия жүргізушісі қатысты.

Жобаны «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы жүзеге асырды.

Оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – Астанада халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін ұлттық жаттықтырушылар тобын қалыптастыру және туристік қызмет көрсету сапасын арттыру.

Курсқа қатысушылар арнайы іріктеуден өтті. Үміткерлерге жоғары білімінің болуы, туристік экскурсия саласында кемінде екі жыл жұмыс істеуі және ағылшын тілін меңгеруі талап етілді.

Екі аптаға созылған оқыту бағдарламасын Ұлыбританиядан келген WFTGA халықаралық жаттықтырушысы Виола Льюис жүргізді.

Бағдарлама барысында қатысушылар гидтерді даярлаудың халықаралық стандарттарын меңгеріп, кәсіби оқыту әдістемелерімен танысты. Теориялық сабақтар практикалық тапсырмалармен ұштастырылып, экскурсия жүргізу және болашақ мамандарды оқыту дағдыларын жетілдіруге басымдық берілді.

Курстың ерекшелігі – қатысушылардың тек өз кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, алдағы уақытта басқа гидтерді оқытуға мүмкіндік алуы.

Жоспар бойынша даярланған ұлттық жаттықтырушылар жаңа экскурсия жүргізушілеріне арналған курстар ұйымдастырып, салалық қауымдастықтар жанында WFTGA стандарттарына сәйкес біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүргізе алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіби гид туристерге қаланың көрікті жерлерін таныстырып қана қоймай, оның тарихын, мәдениетін және қазіргі тыныс-тіршілігін түсіндіретін маңызды маман саналады.

Туристердің елорда туралы әсері мен қалаға қайта келуге деген қызығушылығы көбіне экскурсия жүргізушісінің кәсіби шеберлігіне байланысты.

Осыған байланысты халықаралық оқыту әдістемелерін енгізу Астанадағы туристік қызметтердің сапасын жақсартуға және кәсіби гидтер даярлау жүйесін дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, WFTGA – туристік гидтер қауымдастықтарын біріктіретін халықаралық федерация. Ұйым экскурсия жүргізушілерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге және халықаралық оқыту стандарттарын дамытуға ықпал етеді.

Астанада ұлттық жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасының алғаш рет өткізілуі елордада кәсіби туристік қауымдастықты қалыптастыруға және халықаралық тәжірибені жергілікті мамандардың жұмысына енгізуге мүмкіндік бермек.